Ақмола облысының Щучинск қаласына халықаралық турнирге келген балалар астан уланып, ауруханаға түсті. Футбол жарысына Астана, Павлодар, Қостанай қалалары және Өзбекстан мен Тәжікстаннан барлығы 210 бала қатысқан. Соның 18-інде бактериалды ішек инфекциясы анықталды. Олардың төртеуі кеше түнде Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір жағдайлары жақсарып, үшеуі үйіне жіберілді. Ал алматылық жасөспірім ауруханада ата-анасын күтеді , — дейді дәрігерлер. Курортты аймақта өткен жарысты ұйымдастырған спорт мектебі жергілікті атқарушы органды ескертпеген. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қанат Ысқақов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Қазірде жарысқа келген барлық балалар медициналық тексерістен өтіп жатыр. Мектепке арнайы медициналық қызметкер жіберілді. 168 бала тексерілді, қалған 42-сі үйіне кетті. Тексеріс нәтижесі әлі толық аяқталған жоқ, сондықтан берілген мәліметтер өзгеруі мүмкін.

Бибінұр Әмірханқызы