Жетісайда Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысында болған өрттен кейін құзырлы министрліктерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің сөзінше, өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет.

"Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандырсын. Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін. Орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек. Бақылау Қанат Алдабергенұлында", – деп атап өтті Премьер-министр.

Айта кету керек, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға байланысты Үкімет отырысында баяндама жасағанын жазғанбыз.