Алматыда аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу аяқталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті әйел мен оның 12 туысқан серіктесіне қатысты тергеуді Алматы қалалық полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген.
Тергеу барысында анықталғандай, негізгі айыпталушы мессенджерлерде чаттар ашып, Қытай, Өзбекстан және Ресей зауыттарымен тікелей байланысы барын айтып, тұрмыстық тауарларды – ыдыс-аяқ, жиһаз және өзге де бұйымдарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға сататынын жарнамалаған.
Алайда шын мәнінде, ол тауарларды Алматы базарларынан өз есебінен сатып алып отырған. Жарнамаға сеніп қалған азаматтар оған өндірушілерден көтерме бағада тауарға тапсырыс беру үшін ақша жіберіп отырған. Тауардың жеткізілу мерзімі ретінде 6–12 ай аралығы көрсетілген.
"Түскен қаржыны күдіктілер қымбат автокөліктер, пәтерлер, үйлер, жер телімдері, киімдер, саяхаттар және букмекерлік кеңселерге бәсе тігуге жұмсаған. Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, 2 жеке тұрғын үй мен жер учаскелері тәркіленді", – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Алаяқтықтың құрбандары ретінде Алматыдан Саранға дейінгі аймақтардан 290 адам танылды. Жалпы шығын көлемі – 4,6 миллиард теңге.
Қылмыстық іс прокуратурамен сотқа жолданды.
Негізгі айыпталушы мен оның қылмыстық схемаға қатысқан туыстары ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы – "Аса ірі көлемдегі алаяқтық" бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында көлік алаяқтығының ірі схемасы әшкереленген. 33 және 34 жастағы екі азамат тасымалдау қызметін ұсынып, 13 автокөлікті иелерінен алдап алған. Келтірілген жалпы шығын – 314 миллион теңгеден астам.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!