Аталған облыстың Жамбыл ауданына қарасты Ауылекөл ауылында қуаты 50 МВт болатын жаңа бу-газ электр станциясының (БГЭС) құрылысын бастауға арналған капсула салу салтанатты рәсімі «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» атты республикалық баспасөз туры аясында өтіп, оған облыс әкімі Ербол Қарашүкеев, инвесторлар өкілдері, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша өңірлік өкілі Жандос Рүстембаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы invest.gov.kz сайтының мәлімдеуінше, жоба «GES Мырзатай» ЖШС компаниясымен 60 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр. Іске асыру екі кезеңге бөлінген: алғашқы кезеңде қуаты 50 МВт станция салынады, ал екінші кезеңде қуат 150 МВт-қа дейін ұлғайып, жалпы өндіріс көлемі 200 МВт-қа жетеді.
Жоба жетекшісі Хоу Чуаньцунь атап өткендей, барлық дайындық жұмыстары аяқталды – 7 гектар жер телімі рәсімделді, инженерлік және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді, 185 метр тереңдіктегі ұңғыма бұрғыланды, бас мердігер анықталды және газбен қамтуға қосылу бойынша техникалық шарттар алынды.
Құрылыс кезеңінде шамамен 500 маман жұмыс істейді, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 721,3 МВт болатын 24 энергетикалық нысан жұмыс істейді, олардың ішіндегі ең ірісі – Жамбыл ГРЭС (1 107 МВт). 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста 3,6 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары.
«GES Мырзатай» жобасы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қосып, оңтүстік аймақтардың энергетикалық тұрақтылығын арттырады және Жамбыл облысындағы инвестициялық белсенділіктің одан әрі өсуіне ықпал етеді.