Ақмола облысында ветеринария саласындағы кадр тапшылығы шешіліп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Кейінгі 3 жылда 35 жас маман жұмысқа қабылданды. Бірақ әлі 100-ден астам мал дәрігерінің орны бос тұр. Дегенмен мәселені оң шешуге бағытталған ілкімді істер де жоқ емес. Мысалы, кейінгі жылдары ветеринарлардың жалақысы 40%-ке дейін өсті.

Самат Құстанбаевтың осы салада еңбек кетіп келе жатқанына 10 жылдың жүзі болыпты. Білікті маман Бурабай ауданындағы үш бірдей ауылдың төрт түлігіне жауапты. Жылына екі рет осылай малдан қан алып, тексеріп тұрады.

Самат Құстанбаев, мал дәрігері:

- Жақсы жұмыс қой. Малдың жанында. Бірақ, білесіздер, халықпен жұмыс істеу қиын ғой. Олардың көңілін табу керек. Біреуіне барсаң, біреуі: «қораға кірмендер», – деп айғалап жатады. Біреуі бүйтіп жатады. Соның бәрінің тілін табу керек. Бірақ былай қиындығы жоқ енді.

Қиыншылығы көп жұмысқа кез келген адам бара бермейді. Десе де өңірде ер адамдармен бірге иық тіресе еңбек етіп жүрген арулар да бар. Мысалы, Юлия Черняевская аймақтағы ірі шаруа қожалығында мал дәрігері болып жұмыс істейді.

Юлия Чернявская, мал дәрігері:

- Мен негізі студент кезімде ауырып қалған ит, мысықтарды емдеп, тәжірибие жинақтай бастадым. Оқуымды аяқтаған соң бірден осы шаруа қожалығына жұмысқа тұрдым. Қазір мұнда асылтұқымды 200-ден астам ірі қара бар. Бір қызығы, менің осындағы көмекшім де қыз бала. Қатты бір қиындық тудырмайды.

Аймақта мал дәрігерлерін дайындайтын бір ғана оқу орны бар. Қазір Қатаркөл ауылындағы жоғары ветеринария және биотехнология колледжінде 385 студент оқиды. Соның 266-і мал дәрігері мамандығы бойынша білім алады.

Айнұр Жансейтова, Жоғары ветеринария және биотехнология колледжінің директоры:

- Біз студенттердің санына емес, сапасына жұмыс істеуге тырысамыз. Себебі тек өңірдегі емес, республика көлеміндегі ірі серіктестіктермен тығыз байланыстамыз. Арнайы жасалған келісім нәтижесінде студенттеріміз сол кәсіпорындарда тәжірибе жинақтап, кейін сонда қалып жұмыс істеу мүмкіндігіне де ие болады.

Өңірде 700-ден астам мал дәрігері жұмыс істейді. Десе де әлі 100-ден астам маман қажет. Кадр тапшылығын шешу үшін соңғы 3 жылда ветеринарлардың жалақысы 40%-ке дейін көтерілді.

Ағыбай Сыздықов, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының м.а.:

- 2022-23 жылдары біздің мамандар 180 мың теңге алса, қазір жоғары білімді ветеринар маман 300 мыңға дейін орташа жалақы алады. Ветеринарлық пункттердің меңгерушілері ауылдық жерлерде 303 мың алады, орта білімді ветеринар мамандарымыз 235 мың алады. Соңғы 3 жылда маман тапшылығы 6-7% қысқарды деп айта аламыз.

Жас мамандарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Мәселен, былтыр 2 мал дәрігері баспанамен қамтылды. Сондай-ақ соңғы екі жылда саладағы техникалық база да айтарлықтай жаңартылып, қызметтік 30-дан жаңа көлік сатып алынды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко