Жүрек жақсы жұмыс істеуі үшін калий аса маңызды. Бұл макроэлемент миокард дистрофиясынан қорғайды. Бұл туралы "Лента.ру" басылымына терапевт Оксана Пивоварова айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Дәрігер ас мәзіріне өрік, банан, құлпынай мен қарақат қосуға кеңес берді. Сонымен қатар, ол кейбір жемістердің құрамында қант мөлшері көп болатынын ескертіп, қанттың артық мөлшері жүрек патологиясы бар науқастарға қатаң түрде тыйым салынатынын атап өтті. Оның айтуынша, калийдің құнды қорларын жаңғақтардан, бауырдан және сүт өнімдерінен де табуға болады, ал сүт өнімдерін майлылығы 1 пайыздан аспайтын түрінен таңдаған дұрыс.

Сондай-ақ дәрігер екінші маңызды элемент магний екенін айтты, ол қантамыр қабырғаларының серпімділігі мен тонусына жауап береді. Оның тапшылығын толықтыру үшін терапевт бұршақ тұқымдастарға, сәбізге, құлпынайға, авокадоға және қарақұмық, сұлы, бидай жармаларынан дайындалған ботқаларды жеуге кеңес берді.

"Жүрек бұлшықетінің метаболизмінде омега-3 май қышқылдары ерекше рөл атқарады. Олар жүректің жиырылу функциясын жақсартып қана қоймай, "жаман" холестерин деңгейін төмендетеді, сондай-ақ диета ұстанған кезде маңызды болатын ағзаның энергетикалық балансын қолдайды. Омега-3-тің негізгі көздері – ақсерке және зәйтүн майы", – деді Пивоварова.

Ет өнімдерінің ішінен маман майы аз түрлеріне – сиыр етіне, құнажын етіне, қоян мен тауық етіне басымдық беруді ұсынды. Дәмдеуіштерді шамадан тыс қолданбау керек: олар тек асқазан-ішек жолы тарапынан емес, жүрек-қантамыр жүйесі жағынан да жағымсыз реакциялар туғызуы мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget