Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында алғаш рет күрделі травматологиялық операциялар жасала бастады.

Бұл — шекаралық аймақ халқы үшін үлкен жаңалық. Себебі шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары бұрын мұндай операциялар үшін облыс орталығына баруға мәжбүр еді. Енді арнайы бөлім ашылып, заманауи құрал-жабдық алынып, мүмкіндік көбейді. Ауыл медицинасында тағы қандай өзгеріс бар?

Тарбағатайлық дәрігерлерді травмотология бөлімінің жоқтығы талай әуреге салды. «Қысылтаяң сәтте қол байланып, науқастарды орталыққа жіберуге тура келетін»,-дейді мамандар. Биыл мұнда арнайы бөлім ашылды. Заманауи аппараттар қойылып, күрделі операция істеле бастады. Бас дәрігер әрі травмотолог Елжан Манарбековтің айтуынша, алғаш рет аттан құлап сандағы сүйегін сындырған азаматқа ерекше операция жасалған.

Елжан Манарбеков, аудандық аурухананың бас дәрігері:

- Интрамедуллярлы құлыптама қойып, остеосинтез операциясын жасадық. Қарасаңыздар, сүйек мозоль бар, толығымен бітіп келе жатыр. Травмотологияда алтын сағат дейді, платиналық 10 минут дейді, соның бәрін дер кезінде көмек көрсетіп, дер кезінде көмек жасасақ, науқастардың қалыпқа келуі соғұрлым тезірек болады.

Оңалту бөлімшесінің ашылуын күткен ауыл жұртының арманы да биыл орындалды. 27 млн теңгеге арнайы жабдықтар алынып, ауыр сырқаттан кейінгі науқастар осында ем-шарадан өтіп жүр. Манат Қаметов осымен екініші рет инсульт алды. Соңғысынан соң аяқ-қолы икемге келмей, сөйлеуі де нашарлапты. Осыған дейін ол оңлатудан өту үшін Өскеменге сабылып келген еді.

Манат Қаметов, ауыл тұрғыны:

- Осымен екі рет түстім. Ем алып жатырмын, жақсы нәтиже берді. Қолым мен аяғым істемей түскен едім, кішкене тілім де келмей қалды. Қазір сөйлеп, тілім шығып, қол-аяғым кішкене орнына келді деп ризамын.

Рентгенолог Серік Уақбаев қазір ауруханадағы ең сұранысқа ие маман. Өйткені жаңадан қойылған заманауи компютерлік томографияның қыр-сырын әбден меңгерген. Сол үшін Израильге барып білімін тереңдетіп, енді жергілікті жұртты қабылдап жүр. Диагноз қойып, ем тағайындауда орталықтағы әріптестерден онлайн кеңес те алып тұрады.

Серік Уақбаев, рентгенолог:

- Пак система дейді, афкюм пак системасы. Түскен рентген барлығы серверге түседі. Сол сервер арқылы басқа қалада отырған дәрігерлер сол снимокты ашып көріп, солармен бірге ақылдасып, ортақ диагноз қоюға бәріне жақсы көмегі бар.

Сонымен қатар аудандағы перинаталдық орталық екінші деңгейге өтіп, жүкті әйелдерге жоғары дәрежелі көмек көрсетіліп жатыр. Енді болашақта политравма орталығын ашу жоспарлануда,- дейді аурухана басшылығы. Себебі Қалбатау-Майқапшағай күре жолында көлік апаты жиі тіркеледі. Демек мұндай медициналық кешеннің аса қажеттілігі дау тудырмайтын ақиқат.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов