Бүгін цифрландыру және ақпараттық технология қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Цифрландыру қазір барлық салаға жаппай еніп жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп атап, ерекше мән берді. Өйткені экономиканың қозғаушы күші осы болмақ.

Мектептер де оқушыларға жаңа технология мен цифрландыру жүйесін үйретуге көшті.

Бұл орайда отандық стартаптардың қолданылуы қуантады. Оқу бағдарламасына енген сол жобалардың алды әлемнің 15 елімен серіктестік орнатып, 1200-ден аса білім орнында енгізілген.

CodiPlay — мектеп оқушыларының IT-ге арналған әліппесі іспетті. Жобаның мақсаты әлемдегі кез-келген балаға ақпараттық технологияны қолжетімді ету. Қазір бұл стартап еліміздің 600 мектебіне еніп, Оңтүстік Корея және Қиыр Шығыс елдерімен серіктестік орнатты.

Гүлшат Заитқызы, мектеп директоры:

- CodiPlay жобасы мектебімізде қыркүйек айының басынан бастап енгізілді. Бұл қазір бізде 5-6 және 10-11- сыныптарда өткізіліп жатыр. Бұл жоба СТЕМ, робототехника және инженерия бағдарламалау бағыттарындағы алғашқы қадам.

Бағдарлама баланың назарын білімге аударуға көмектеседі. Өйткені платформа әдейі ойынға негізделіп жасалған. Оқушының санасын әлеуметтік желіден сақтап, ғылымға бағыттауға таптырмас құрал. Әзірге 5-сынып оқушылары «ақылды үй», «ақылды бағдаршам», «ақылды себет» жобасын құрастырды. Әрі қарай өз идеяларымен жүйені жетілдіретін болады.

Хадиша Нұлыбаева, жетекші:

- Оқушыларда уже қызығушылық пайда болды, қызығып жатыр. Олар өздерінің жобаларын жасағысы кеп жатыр. Алдағы уақытта мынадай жоба жасаймын, мен мынадай жоба жасаймын. Ақылды үйдің ішіне мынандай қоямын. Мына датчикті пайдалансам, қандай болады деген сияқты оқушылар өздерінің идеяларын қосып жатыр.

Үйірмеде әр баланың алдына екі қорапша қойылады. Біріне ағаштан жасалған құрастырмалы пішіндер, екіншісіне техникалық жабдықтар салынған. Оқушы осы құралдардан өзі жоба жасап, бағдарламаны кодтауды үйренеді.

Көркем Тұңғышбаева, оқушы:

- Бұл қоқыс жәшік. Мен оған қолымды қойсам ол өзі автоматический ашылады және жабылады. Ол маған жеңілдетеді. Себебі мен оның қақпағын ұстамай менің қолым таза қалады. Маған ол қоқыс жәшік өте ұнап жатыр. Мен оны CodiPlay- де жасағанмын. Апайлардың көмегімен. Мен компьютерге қарап, подсказкаларды алып, өзім жасағанмын.

Қазір қаршадай баланың жасанды интеллектпен достасуы таңдай қақтырады. Болашақта бұл өзгерістің өзіне жүрегіміз жылып, көзіміз үйренетін болады. Себебі, бұл стартап еліміздегі ауыл мектептеріне де еніп үлгерді.

Данабек Қалияждаров, Codiplay компаниясының директоры:

- Ауылдық жерлерде, инфрақұрылым жоқ жерде бұл өте маңызды. Алысқа жеткізу деген ол өте қиын нәрсе. Сондықтан мұндай жобалар ауыл мен қаланың арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын азайтуға өте маңызды. Және ол тек қана біздің емес, бүкіл жобалар соған көз салуы керек.

Қазір әлемде технологиялар жарысы басталды. Кім оза шабады соның қолы ұзарады. Бұл эконоимка үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл саланы стратегиялық мақсат етіп, "Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек" деуі де сондықтан. Осы орайда өскелең ұрпақ оқушылардың отандық стартаппен қарулануы маңызды қадам.

Әли Тұрғанбек