Оған 300-ден астам жас маман, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысуда, деп хабарлайды 24kz.
Олар 60 мамандық түрінен өзара сынға түседі. Алғаш болып жүк көлігін жөндеу және қызмет көрсету бағыты бойынша болашақ техник-механиктер жарыс алаңына шықты.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Облыстағы 7 техникалық колледждің үздік деген студенттері арнайы зертханада кәсіби дайындығын сарапқа салды. Жарыс бес кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, оларға белгілі бір уақыт ішінде жүк көлігінің қозғалтқышын, беріліс қорабын жөндеу, май аппаратурасына, электр жабдықтарына дигностика жасап, ақауын анықтау міндеті қойылды. Әр қатысушыны бастан-аяқ жеке сарапшы бақылап тұрады.
Жеткерген Смайлов, сарапшы:
- Мына бала бізде дренажды құбырды алу керек болған. Бірақ ол оны алған жоқ. Біз алмағаны үшін одан 0,5 балды алып тастаймыз.
Осылайша, қатысушының әр іс-қимылы бағаланып отырады. Колледж студенті Мирас Елшатұлы көлік қозғалтқышын жөндеуде аз-мұз кемшілік кеткенімен, белгіленген уақытында істеп болғандығын айтады. Бұл да қосыша ұпай.
Мирас Елшатұлы, байқауға қатысушы:
- Мен екі сағаттың ішінде құрастырып шықтым. Әдемі аяқтап, енді ішіндегі тісбелгілерін айрыбастап жатырмын.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл – автокөліктердің электр жабдықтарын бақылау-өлшеу стенді. Бұл жерде байқауға қатысушылар стартер, генератордың тоқ күшін, оның кернеуін, айналымын тексереді. Олар тек қана мынау көрсеткіштерді тіркеп қана қоймайды, оның қаншалықты жарамды екендігін анықтап, тиісті қорытынды шығарады.
Осындай байқаулардың басы-қасында жүрген сарапшылар жұмысшы мамандықтар бойынша жастардың кәсіби дайындығы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады.
Ақылдос Мергенбаев, жүк көліктері бойынша байқаудың бас сарапшысы:
- Тек қолмен жұмыс істемейді, мұнда баспен де ойлау керек. Техник-механик 3-курс балалары өтіп жатыр. Көбісі былай айтқанда, 80-90% жұмыстарын өткізіп, жасап жатыр. Деңгейі өте жақсы.
«WorldSkills-2025» өңірлік чемпионаты 30 мамырда аяқталады. Үздік деп танылғандар республикалық сайысқа қатысады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров