Нью-Йоркте федералды үкіметтің мигранттарды қатаң тексеруіне қарсы шеру өтіп, жүздеген адам Манхэттеннің басты алаңын басып алды.
Мұндай наразылыққа тексеруші агенттердің құзіретін асыра пайдалануы себеп болған. Рейд кезінде қымбат бренд тауарлардың көшірмесін саудалады деген желеумен 10 шақты шетелдікпен қатар төрт АҚШ азаматы да ұсталған. Тергеуден соң америкалықтар бостандыққа жіберілсе де, қала тұрғындары мұндай әрекетті қатаң айыптап, адамдардың құқығын таптады деп шеруге шықты. Олар сот ғимаратының алдына келіп, тексеруші агенттердің шаһардан кетуін талап етті. Нәтижесінде Нью-Йорк штатының Бас прокуроры Летиция Джеймс арнайы портал ашып, мигранттарды тексеруші агенттердің заңбұзушылықтарын таспалауға шақырды.
Кайл, шеруге қатысушы:
- Нью-Йоркте туып-өскен АҚШ азаматы ретінде америкалық арман ұғымының қадірі кетіп жатқандай сезіледі. Ол біздің құндылықтарымыздың көрінісі еді. Енді қазіргі биліктің әсіре әрекеттері еркіндігімізге қол сұғып жатыр. Мигранттардың тексерісі сорақы көрінеді. Оларды жаппай аңдып, тұтқындап әкетуі тәртіп орнатудың емес, қолымды қаншалықты ұзын соза аламын дегеннің айқын мысалына айналды. Біз өз көршілеріміз үшін нарызылық танытудан еш тайсалмаймыз.
Сэнди, шеруге қатысушы:
- Мигранттарды тексерушілер көрші ауданға тап бергенде, жүрегім сыздап сала берді. Мен олардың қатаң жағдайда еңбек ететінін білсем де қаламыздағы тексерістер шектен шығып кетті. Тып-тыныш, өз шаруасымен айналысып жүрген адамдарға тап беруі сұмдық қой! Ұсталғандардың дені АҚШ азаматтары болып шығып, масқара қылды ғой. Осы қаланың тұрғыны ретінде мұндай бассыздыққа жол бергім келмейді.