Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылында былтыр ашылған жаңа үлгідегі жайлы мектеп бүгінде ауыл өміріне тың серпін әкелді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген бұл білім ордасы бүгінде сапалы білім мен жаңа форматтағы тәрбие беру ісінің тірегіне айналып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Ауыл тұрғындары үшін жаңа мектептің салынуы көптен күткен қуаныш болды. Заманауи талаптарға сай салынған мектепте толық жарақтандырылған химия, физика,биология кабинеттерінің зертханалары, 2 спортзал, STEM зертханасы, медиатекалы кітапхана, асхана, медициналық бөлме және хореографиялық зал бар. Мұнда тек оқу ғана емес, баланың жан-жақты қабілетін шыңдау басты назарда.

Мектеп директоры Жахин Рүстем Жанатайұлының айтуынша, жаңа мектептің басты ерекшелігі – оның заманауи материалдық базасы мен оқушыға арналған жайлы ортасы.

«Ескі мектеппен салыстырғанда ең басты айырмашылық – материалдық базасында. Балалардың сапалы білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Зертханалар, робототехника кабинеті, STEM-зона, медиатекалы кітапхана – бәрі бар. Биылғы оқу жылында мектепте 887 оқушы білім алып жатыр, 83 мұғалім еңбек етеді. Былтыр алғаш ашылған кезде 901 оқушы, 79 мұғалім болған. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылған: хореография, вокал, робототехника, домбыра, шебер қолдар және спорттық секциялар – волейбол, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі бар. Мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалған. «Өрлеу» кәсіби біліктілікті арттыру орталығы тарапынан онлайн түрде базалық курстен мектеп ұстаздары толық өтіп жатыр. Қазіргі уақытта жасанды интеллект курстарын оқып жатыр. Әдістемелік отырыстарда жаңа оқыту технологияларын талдап, тиімдісін қолдану ұсынылады.Сонымен қатар әр мұғалімнің өзіндік білім деңгейін көтеруге толық мүмкіншіліктері бар. Мектептің барлық кабинеттерінде ғаламторға қосылған компьютерлер мен ноутбуктер бар», дейді мектеп басшысы.

Жаңа мектептің ашылуы ауыл өміріне де оң әсерін тигізген. Кей ата-аналар балаларының осы мектепте оқуын қалағандықтан, ауылға көшуге шешім қабылдапты.

Жалпы, баланың мектеп өміріне бейімделуі, оқуға қызығушылығы мен өз-өзіне сенімділігі ең алдымен бастауыш буында қалыптасады. Бұл ретте бастауыш сынып мұғалімі Утенова Аксауле Кумековна жаңа мектептің баланың психологиялық және шығармашылық дамуына зор ықпал еткенін айтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы ауыл балаларына үлкен мүмкіндік сыйлады. Жылы түспен безендірілген сыныптар, демалыс аймақтары мен ойын кеңістіктері баланың көңіл күйіне жақсы әсер етеді. Бұрын мектепке алғаш келген балаларда аздап қорқыныш болса, қазір олар мектепке қуана келеді. Мұндай орта олардың қиялын, ойлау қабілетін дамытады. Оқушыларым сабаққа қызығушылықпен қатысып, өз ойын еркін айта алады», дейді ұстаз.

Мұғалім сабақта оқушылардың логикалық және шығармашылық қабілетін дамыту үшін «Миға шабуыл», «Венн диаграммасы», «Ойлан-жұптас-бөліс» сияқты әдістерді жиі қолданады. Оның айтуынша, бұл тәсілдер баланың өз ойын жеткізуге және өмірлік жағдайларды сараптауға көмектеседі.

«Интернет, робототехника, зертханалар, интерактивті тақталар – бәрі бар. Ата-аналармен байланыс та жақсы жолға қойылған. «Мен және менің ата-анам», «Күз ханшайымы», «Күзгі асар» сияқты шаралар ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуына ықпал етеді. Соныменқатар тәрбиелік мәні зор «Көңілді үзіліс», «Өнегелі 15 минут», «Ұлттық ойын- ұлт қазынасы» сияқты іс-шаралар, «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы», «Шабыт»жобалары үнемі жұмыс жасайды. «Күзгі асар» жәрмеңкесінде бастауыш сынып оқушылары күзгі егіннің табиғи материалдары мен орман табиғатының сыйларын пайдалана отырып, ата-аналармен бірге жасаған қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке өткізеді. Бұл іс-шараға бастауыш сынып оқушылары өте белсенді қатысады.Жасаған жұмыстары бір-бірінен өткен, адам қиялына шек келтірмейтін керемет дүниелерді көруге болады», дейді мұғалім.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асанова Меруерт Қуанышқызы да бұл жобаның мұғалімдерге мол мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Келешек мектептері» жобасы пән мұғалімдеріне заманауи оқу ортасында жұмыс істеуге үлкен жағдай жасады. Кең әрі жарық кабинеттер, жаңа құрылғылар мен интерактивті тақталар сабақтың сапасын арттырып, оқушының назарын ұстап тұруға көмектеседі. Сабақта Quizizz, Kahoot сияқты цифрлық платформаларды жиі пайдаланамыз. Бұл оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, пәнге деген қызығушылығын арттырады. Ауыл мектебінің өзінде ғылыми жобаларға қатысып жүрген оқушылар бар. Олардың жетістіктері – ауыл баласының да үлкен мүмкіндіктерге ие екенін дәлелдейді», дейді Меруерт Қуанышқызы.

Мектеп өмірінде спорттың алар орны да ерекше. 17 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан Бекишев Жандос Нәгізкенұлы спорттық инфрақұрылымның жақсаруы ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырғанын айтады.

«Жаңа мектеп салынғаннан кейін спорттық инфрақұрылым едәуір жақсарды. Екі заманауи спортзал ашылды, сыртта жасанды жабындысы бар алаң мен жүгіру жолағы салынды. Спорт жабдықтары түгел жаңартылды. Иә, жайлы мектебімізде жағдай жасалған соң оқушылардың спортқа деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Оқушылар сабақтан тыс уақытта да спорт залға келіп жаттығады. Әсіресе футбол, волейбол және үстел теннисі секілді бағыттарға қатысушылар көбейді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық сияқты үйірмелерге оқушылар қызуғышылықпен қатысады. Мектепте аптасына бірнеше рет өтетін тұрақты спорттық үйірмелер ұйымдастырылған. Мұғалімдер аудандық және облыстық жарыстарға жүйелі түрде қатысуға мүмкіндік береді. Қазір ерекше дамып келе жатқан бағыттар – тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық,волейбол,үстел теннисі және футбол.Сонымен қатар, жаңа спорт алаңының арқасында шаңғы тебуге және жеңіл атлетикамен айналысуға да жағдай жасалған.Ауылымызда соңғы жылдары балалардың спорттағы жетістіктері артып келеді. Жергілікті деңгейде аудандық жарыстарда жүлде алып жүрген оқушылар бар. Кейбіреуі облыстық құрамаларға да шақырылған. Жайлы мектебімізде мүмкіндіктер де көбеюде: жаңа спорт алаңдары, секциялардың көбеюі және жаттықтырушылардың тынбай оқушыларды дайындаған еңбегі мен белсенділігі әсерін тигізуде. Дегенмен, ауыл балалары үшін ең басты ынталандыру көзі — қолдау мен дұрыс бағыт-бағдар беру», дейді ұстаз.

Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Сейлханов Галлям Серікбайұлы зейнеттен кейінгі өмірін болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуге арнап отыр.

«Әскери салада 34 жыл қызмет етіп, тәжірибемді енді жас ұрпаққа жеткізіп жүрмін. Жаңа мектепте арнайы бөлме мен жабдықталған кеңістік болғандықтан, АӘД сабағының форматы теориядан практикаға ауысты. Бұрын тек кабинетте түсіндірілетін бөлімдер қазір ТИР бөлмесінде пневматиалық винтовкадан ату және тренажерлар мен макеттер арқылы көрсетіліп, оқушылар іс-әрекетпен меңгереді. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптары жақсы сақталған. Тек қана дәріс пен жаттанды ұраннан бөлекмектебімізде жайлы жаңа мектептің ашылғанымен қатар мектеп ішінде: «Айбын» патриоттық клубы ашылып, болашақ Отан қорғаушылар ретінде жасөспірімдерді патриоттық сезімге Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында Еліміздің Туын Мемлекет деңгейіндегі мерекелерде арнайы «Ту тобы» құрылып, салтаннатты рәсімде орындау салтқа айналды. Бұл да Отанға деген сүйіспеншілік сезімді оятады деп сенемін. Сонымен қатар ардагерлермен және әскери қызметкерлермен кездесулер, деректі фильмдер, интерактив карталар, цифрлық ресурстар, жобалық жұмыс, батырлар өмірін зерттеу, әскери тарих бойынша мини-зерттеулер, пікірталас кездесулер жиі өткізіледі. Бұл тәсілдер оқушыға патриотизмді «тыңдап қою» емес, түсіну және сезіну арқылы қабылдатуға ықпал етеді.Алғашқы көмек пен қорғанысқа арналған макеттер, стендтер және қажетті оқу құралдары толығымен қамтамасыз етілген. Негізі осы күнге дейін кейбір ескі мектептерде бұрынғы Кеңес үкіметі кезінен қалған оқу материалдық құралдарын қолданып жатса, жайлы мектебімізде жаңа керекті оқу материалдық базаларымен толық қамтамасыз етілген. Әрине бұл үлкен жетістік және АӘД сабағын жоғары дәрежеде өткізуге үлкен мүмкіндік береді», дейді ол.

Ауыл мектебіндегі өзгеріс тек ғимараттың жаңаруы немесе жаңа парталар мен құрал-жабдықтардың орнатылуы емес, бұл оқу-тәрбие үдерісінің жаңа деңгейге көтерілуі. Қабанбай батыр ауылындағы мектептің ұжымы білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және отансүйгіштікке баулып отыр. Әр пән мұғалімінің тәжірибесі мен жаңашылдығы осы істің табысты жүруіне жол ашқан. Дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық сабақтарында оқушылардың ерік-жігері шыңдалып, патриоттық рухы қалыптасқан. Ал оқу кабинеттеріндегі жаңа технологиялар балаларды ғылым мен ізденіске жетелейді. Жайлы, жарық әрі қауіпсіз мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жас ұрпақ еліміздің еңсесін тіктейтін, рухы биік, білімді азамат болары сөзсіз.