Энергияға бай Қазақстан неге импортқа тәуелді?

Қазақстан көмір мен уран қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. Соған қарамастан, еліміз кейде жарықты өзге мемлекеттерден іздеуге мәжбүр. Неге? Caravan.kz медиа порталының тілшісі саралап көрді.

KEGOC компаниясының мәліметінше, 2025-2026 жылдардың күзгі-қысқы маусымында елде электр энергиясының тапшылығы 1,1 миллиард кВт/сағ-қа дейін жетуі мүмкін. Компания басшысы Нәби Айтжановтың айтуынша, ай сайынғы жетіспеушілік 125-330 миллион кВт/сағ аралығында, ал ең жоғары тұтыну сәттерінде тапшылық 900 мегаваттқа дейін барады.

«Тапшылықты болдырмау үшін Қазақстан Ресей мен Өзбекстаннан электр энергиясын импорттауды жоспарлап отыр», — дейді Айтжанов.

Бүгінде ел жылына шамамен 115-120 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Оның 70 пайыздан астамы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларына тиесілі. Алайда бұл нысандардың негізгі жабдықтары 60 пайызға тозған, ал кейбірінде бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді.

Энергия желілері өсіп келе жатқан сұранысқа ілесе алмай отыр. Әсіресе Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан өңірлерінде, яғни, металлургия мен химия өнеркәсібі шоғырланған аймақтарда генерация тапшылығы сезіледі. Ал артық қуат солтүстікте қалып, оны басқа аймақтарға жеткізу желілердің өткізу қабілетінің шектеулі болуынан мүмкін болмай тұр.

Парадокс: энергия өндіруші ел — импорттаушы елге айналды

Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі электр өндіруші елдердің бірі бола тұра, бүгінде энергия импорттауға мәжбүр. 2024 жылы елге шамамен 800 миллион кВт/сағ электр энергиясы әкелінді. Оның 620 миллионы Ресейден, қалған бөлігі Өзбекстаннан. Сонымен қатар Қазақстан Қырғызстанға шамамен 500 миллион кВт/сағ экспорттаған.

Ресейден импорттау уақытша, бірақ стратегиялық маңызы бар шара дейді мамандар. Кеңес дәуірінен қалған құрылымдық байланыстардың арқасында Қазақстанның энергетикалық жүйесі Ресейдің Біртұтас энергетикалық жүйесіне техникалық тұрғыда тәуелді. Бұл жүктемені жылдам теңестіруге мүмкіндік береді.

Импортталатын энергияның бағасы ішкі нарықтағыдан 10-12 пайызға жоғары, бірақ апатты жағдайда дизель генераторларын қосқаннан әлдеқайда тиімді. Өзбекстаннан келетін импорт көбіне Шымкент пен Жамбыл өңірлерінің қажеттілігін өтеуге бағытталған. Өзбек тарапы 2025 жылы 300 миллион кВт/сағ жеткізуге уәде беріп отыр.

Тұтыну артып келеді, ал инфрақұрылым артта қалуда

Соңғы бес жылда елдегі жалпы энергия тұтыну 12 пайызға, ал тұрмыстық секторда 20 пайызға өскен. Бұған урбанизация, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және деректерді өңдеу орталықтарының дамуы әсер етті.

Алайда энергетикалық инфрақұрылым сол қарқында жаңарып үлгермей жатыр. 200 ірі генерация нысанының тек 25-і ғана соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен. Екібастұз ГРЭС-2 мен Алматыдағы ЖЭО-3 станцияларының модернизациясы басталғанымен, толық аяқталуы 2027 жылға жоспарланған.

Жаңартылатын энергия — шешім бе?

Энергия көздерін әртараптандыру – стратегиялық бағыттардың бірі. Бірақ қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі небәрі 5,6 пайыз.

Елде 146 ЖЭК нысаны жұмыс істейді: оның 52-сі күн, 44-і жел, 50-і шағын су электр станциясы. 2024 жылы олардың жиынтық өндірісі 6,2 миллиард кВт/сағ болды.

Алайда қыс мезгілінде күн мен жел белсенділігі төмен болғандықтан, бұл станциялар тұрақты қуат көзін алмастыра алмайды. Сондықтан резервтік жүйелерсіз және импортсыз тұрақтылыққа жету әзірге мүмкін емес.

KEGOC дерегінше, елдегі электр желілеріндегі жоғалтулар шамамен 10 пайыз, бұл ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда екі есе көп.

Яғни жыл сайын шамамен 11 миллиард кВт/сағ энергия жоғалады. Яғни, болжанып отырған тапшылықтан да артық деген сөз.

2024 жылы компания желілерді цифрландыру бағдарламасын іске қосты. Ол «ақылды есептегіштерді» енгізуді, қосалқы станцияларды автоматтандыруды және 2 мың шақырымнан астам желіні жаңартуды қамтиды. Осы арқылы жоғалтуларды 3-4 пайызға дейін азайту жоспарланған.

Жаңа жобалар мен өтпелі кезең

Үкімет жаңа қуат көздерін салу жобаларын жеделдетуге мүдделі. Ең ірі жоспарланған жобалардың бірі – Жамбыл облысындағы қуаты 1,2 ГВт газ электр станциясы, оның құрылысы 2028 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар Ақмола облысында атом электр станциясын салу жөнінде Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл оңтүстіктегі жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.

Энергия тапшылығының салдары тұрмыстық деңгейде байқалып отыр. 2024 жылы елдің 11 өңірінде жоспарлы өшірулер тіркелді. Кешкі уақытта – сағат 19:00–22:00 аралығында – тұтыну шегі артып, желілер шамадан тыс жүктеледі.

Орташа есеппен бір үй шаруашылығы жылына 3100 кВт/сағ энергия тұтынады, он жыл бұрынғыдан 25 пайызға көп. Тариф төмен болғандықтан, халық арасында үнемдеу мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. 1 кВт/сағ бағасы – шамамен 12 теңге.

KEGOC мәліметінше, биылғы импорт елді апатсыз қыстан шығаруға көмектеседі. Десе де мәселені толық шеше алмайды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан тұтыну мен генерация моделін түбегейлі қайта құруы қажет.

2030 жылға қарай жаңартылатын энергия үлесін 15 пайызға жеткізу, газ инфрақұрылымын дамыту және энергия сақтау жүйелерін енгізу – Қазақстанды сыртқы тәуелділіктен босата алатын негізгі бағыттар.

Қазақстан қазір өтпелі кезеңде тұр. Электр тапшылығы еліміздің энергетикалық жүйесі енді инерциямен өмір сүре алмайтынын айқын көрсетті.

Ресей мен Өзбекстаннан энергия алу уақытша амал. Десе де Қазақстанға уақыт ұтуға септігін тигізеді. Ұтқан уақыт желілерді жаңартуға, станцияларды қайта құруға және «жамаудан» жүйелі стратегияға көшуге арналған мүмкіндік.