Астанада төрт адам кәмелетке толмаған баланы қорқытып ақша талап еткен. Балада ата-анасына тиесілі ақшасы бар екенін білген олар 4 млн теңге көлемінде қаражатты алып алған. Күдіктілердің кінәсі дәлелденіп, әрқайсысы 10 жылға сотталды, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қалалық прокуратураның хабарлауынша, сотталғандар жәбірленушінің шетелге оқуға баратынын және ата-анасына тиесілі ақша қаражаты бар екенін біліп, сөз байласып, кәмелетке толмаған баладан 20 млн теңге талап еткен.

"Психологиялық қысым жасап, атыс қаруын көрсете отырып, олар 4 млн теңге көлемінде соманың бір бөлігін алған.

Топтың екі мүшесі жәбірленушіден тағы 100 мың теңге ақша алу кезінде ұсталған. Артынша қылмысқа қатысушылардың қалғаны құрықталған.

Мемлекеттік айыптаушымен олардың кінәсі толық дәлелденді. Олардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды", — дейді прокурорлар.

Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық өтеліп, сонымен қатар сотталғандардан 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабына сәйкес қорқытып алғандарға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, белгілі бір жағдайларда бұл қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталады.

Егер бұл қылмысты көрсетілген жасқа жетпегпен адам жасаса, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес оның әрекеттері үшін ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді.