Дүниежүзілік «EXPO 2025 Osaka» көрмесі жұмысын аяқтады. Көрмеге қатысушы мемлекеттер үшін басты оқиға болып саналатын «EXPO Awards» марапаттау рәсімі 12 қазанда өтті.
Аталған рәсім барысында еліміздің павильоны «Theme Development» («Көрме тақырыбын ашу») негізгі аталымы бойынша «С» санатындағы шағын павильондар арасында 1-орынды иеленді. Бұл санатқа 90-нан астам ел кірді. Біздің экспозиция көрменің басты тақырыбын мазмұнды және ерекше түрде ашқаны үшін жоғары бағаға ие болды.
Көрме басталған күннен бастап Қазақстан павильоны жапондықтар мен шетелдік туристер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Павильон еліміздің мәдениеті, дәстүрі мен тарихы, инвестициялық, экономикалық және инновациялық дамуы, сондай-ақ цифрландыру, технология және тұрақты даму салаларындағы мазмұнды әрі тартымды экспозициясымен ерекшеленді. Осы орайда халықаралық және жапон бұқаралық ақпарат құралдары павильон туралы бірқатар мақала жариялады.
Көрме барысында павильон ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналып, еліміздің жаһандық қоғамдастықтағы ашық әрі сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтты. Павильон аясында 9 іскерлік және мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Ең ірі оқиғалардың бірі – Қазақстанның Ұлттық күні, ол 2025 жылғы 10 тамыздағы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өтті. Сол күні «EXPO National Day Hall» алаңында Қазақстан Республикасының туы көтеріліп, ауқымды мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараға шамамен 3 000 көрермен қатысты.
Павильон «Өмірді біріктіру» кластерінде орналасып, шамамен 1,5 млн адамды қабылдады. Олардың қатарында ресми делегациялар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық миссиялар, бизнес, медиа және шығармашылық қауым өкілдері болды.
Павильонға Халықаралық көрмелер бюросының (BIE) Бас хатшысы Димитри Керкентзес ресми сапармен келіп, оның ұйымдастырылу деңгейін, мазмұнын және экспозициялық шешімін жоғары бағалады.
Дүниежүзілік «EXPO 2025 Osaka» көрмесі 2025 жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтті. Іс-шараға 160 мемлекет пен 9 халықаралық ұйым қатысты, ал жалпы келушілер саны 28 миллионға жуықтады. Алты ай бойы Юмешима аралы «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы жаһандық диалогтің басты алаңына айналды.
«QazExpoCongress» ҰК» АҚ баспасөз қызметі