Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда маңызды құжатта берілген міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.
"Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақ-стан халқына "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақ-стан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын жариялады. Жолдауда елімізді әлеуметтік-экономикалық, цифрлық дамытудың басым бағыттарын белгілеп, бірқатар маңызды тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, өңірлерге қомақты жеке инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру, көлік-логистиканы дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және тағы басқалары бар. Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – инвестициялық саясатты қайта қарастыру.
Президент тапсырмасына сәйкес инвестицияның негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Облыста инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр инвестициялар көлемі 749,9 млрд теңгеге жетіп, оның 72,6%-ын немесе 571,5 млрд теңгесін жеке инвестициялар құрады. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Сондықтан біздің облыс әлі де инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға дайын. Жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметпен жергілікті атқарушы құрылымдар жұмысының басты бағыттарын айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қойды. Жүктелген міндеттерді орындау – бәрімізге ортақ іс", – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы сөз кезегін баяндамашыларға берді.
Махамбет университеті бағдарламаға тірек жоғары оқу орны ретінде белсенді қатысып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарламаға осы ЖОО-ның 4900-ден астам білім алушысы қамтылған. Биылғы оқу жылынан бастап барлық бакалавриат білім беру бағдарламаларына "Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект" пәні енгізілген. Студенттері AI-Sana бағдарламасы аясында бес ЖИ-агент әзірлеп жатыр.
"Университетте жасанды интеллектке қосылған FACE ID цифрлық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе нақты уақыт режіміндемониторинг жүргізуге, қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім алушылардың, оқытушылардың және қызметкерлердің оқу мен қызметке бару тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформацияға бағытталған бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырудағы университеттің алғашқы қадамдарын айқындайды", – деді ректор.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевқа университеттермен бірлесіп, оқу орындарында осы цифрлық жүйені қолданысқа енгізу жолын қарастыруды тапсырды.
Кеңес отырысында сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешова, "АгроСервис-Батыс" ЖШС директоры Армат Бисенов, "Қазсушар" РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайынов сөз сөйледі.
Өңір басшысы Президенттің Жолдауын жүзеге асыру бойынша орынбасарларына, басқармалар мен құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар берді. Мәселен, облыс экономикасының басым салаларына шетелдік тікелей инвестициялар тарту керек.
Индустриялық аймақтың қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, түйінді мәселелерді шешу жолдары ұсынылуы тиіс. Елді мекендерді, оның ішінде шекара маңындағы аутокөлік өткізу пункттерін дауыстық байланыс және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларынаантенна-діңгек құрылғысын салуға кезең-кезеңімен қаражат бөлінуі қажет.
Облыс бойынша 2025-2027 жылдарға арналған агорөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы аясында жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізіліп, оларды кешенді қолдау шаралары қабылданбақ.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған материал