Маңғыстау облысында үлгілі ауылдар анықталды.

Дәстүрлі шара бұл жолы жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ұйымдастырылды. Биылғы сайысқа өңірдің бес ауданынан 39 ауыл қатысып, ақтық кезеңге 10 елді мекен өтті. Байқау жеңімпаздарын аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай марапаттап, қаржылай сыйлық тапсырды.

Үлгі ауылдар келбеті мен тазалығы, тұрғындардың білім, мәдениет және спорт саласында жетістіктері бойынша сараланды. Биыл 7 елдімекен екі бағыт бойынша үздік деп танылды. Бейнеу ауылы І орын және 10 млн теңгені иеленсе, Сайын Шапағатов ауылы 7,5 млн теңге жүлдесімен ІІ орынды алды. ІІІ орынға қойылған 5 млн теңге Құрық ауылына берілді. Шетпеге 2 млн теңгелік ынталандыру сыйлығы бұйырды.

Мейіржан Балғабай, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны:

- Ауыл жақсы дамып келе жатыр. Ауылда жағажай салынды және ауылдардың арасында жолдар салынып жатыр. Су, газ бәрі де келіп тұр. Интернет жақсы ұстап тұр.

Ал халқы 3 мыңнан аспайтын ауылдардың арасында Сайөтес елді мекені 8 млн теңге жүлдесімен І орынды алды. ІІ орын және 6 млн теңгені Құланды ауылы еншіледі. 4 млн теңгесі бар ІІІ орынға Сыңғырлау ауылы лайық деп танылды. Мемлекет қаржысы жеңімпаз елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Ауыл күшейсе, әрине өңір күшейсе мемлекетіміз де күшті болады. Бұйырса, соның барлығын бірігіп жасайтын боламыз. Белсенді қатысқан ауылдарға, орын алған ауылдардың тұрғындарына, ақсақалдарына елдің сәлем айта барыңыздар. Көп-көп рахмет.

«Ең үлгілі ауыл» атанған Бейнеуде 57 мың адам тұрады. Биыл жұмыссыздық деңгейі 2,8%-ды құраған. Ақтаудан шалғай жердегі елді мекен әлеуметтік нысандар, электр энергиясы, су және газбен толық қамтылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев