Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның алғашқы аптасының нәтижесін жариялап, 55 ереже бұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ-дан бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізілген. Талапкерлердің 66 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 33 пайызы орыс тілінде және 65 адам ағылшын тілінде тапсырған.

Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құраған. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысының талапкері Әбілхан Жәнібек жинаған.

Жалпы, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 20 пайызы "Математика-Физика", 17 пайызы "Шығармашылық емтихан" пәндер комбинациясы бойынша тапсырған. 11 пайызы "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 163 талапкер қатысқан.

"Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 ереже бұзушылық анықталды. 26 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ", — делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізілетінін еске салды. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.