Жолдауда Президент көтерген тағы маңызды тақырып — әуемен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту.
«Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған шақта бұл сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады. Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Иә, әлемдегі жүк тасымалының 35 пайызы әуе арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан да жаһандық үдерістен қалыс қалмауы тиіс. Президент айтқандай, былтыр Үкіметкен бұл бағытта нақты тапсырма берілген болатын. Нәтиже қандай?
Қазақстанның географиялық орналасуының өзі әуе арқылы жүк тасымалдау ісін дамытуға сұранып тұрғандай. Мәселен, әлем нарығында әуе тасымалының көлемі 60 млн тоннаға жуықтаса, соның 15 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Еліміз алып теңіздерден алыс орналасқан. Сол себепті әуе жолының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Былтыр әуе компаниялары 7,2 млн астам жолаушы тасымалдаған. Бұл жылдағы көрсеткіштен 6 пайызға көп.
2024 жылы 7,2 млн жолаушы тасымалданды (6%)
Қазір Қазақстанда 24 әуежай бар. Оның басым көпшілігінде жүк терминалдары орналасқан. Мамандардың есебінше, әуе жүк тасымалын ілгерілету арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік туады. Мәселен, Орталық Азия елдерімен тауар айналымын 2,4 есе арттыруға болады екен. 2030 жылға дейінгі еліміздегі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Сондықтан алдағы 6 жылда әуе жүк тасымалын дамыту стратегиялық міндет.
24 әуежай
Тауар айналымы 2,4 есе артады
2023 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдасы бекітілді
Иә, Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан арқылы жолаушы мен жүк тасымалдау Еуропа үшін де тиімді. Мұны шетелдік компаниялар жіті түсініп отыр. Сөзімізге тұздық болсын: неміс инвесторы Жетісу облысында халықаралық жүк және жолаушылар әуежайын салуға ниет білдірді. Сабақты ине сәтімен болса, осы ілкімді жобаның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірде бизнесті өркендету жол ашылады.
Кристин Грётцбах, Skyhansa компаниясының негізін қалаушы:
- Бізде жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі хаб болады. Атап айтқанда, жүк және жолаушылар терминалы, жанармай құю кешені, авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы, бизнес орталығы мен қонақ үйлер салынады.
Енді Президент тапсырмасына сәйкес, елде жүк тасымалдайтын әуе компаниясы құрылады. «Қазақстан Темір жолы» мен «Самұрық Қазына» бірлесіп, тиісті жұмыстарды бастап кетті. Дәл қазір ұлттық заңнама мен халықаралық авиациялық стандарттар негізінде корпоративтік рәсімдеу шаралары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, алғашқы рейс келер жылы орындалады.
Әділбек Әбдіқалықов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Мультимодальды тасымалдаулар департаментінің бас менеджері:
- Бастапқы кезеңде 3 бірлік көлемінде әуе кемелерінің флотын қалыптастыру жоспарлануда. Алдағы уақытта маршруттық желінің кеңеюіне қарай әуе компаниясының паркін кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда. Ұшақтардың негізгі паркі Boeing ұшақтарынан тұрады деп жоспарлануда.
Көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұрын тек фильмдерде көрсететін ұшқышсыз ұшақтар, дрондар ақиқатқа айналды. Сондықтан Президент Үкіметке осындай технологияларды тез арада қолданысқа енгізілуді тапсырды және бұл жұмысқа үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту қажет деді. Ал Қазақстан ұшқыр ойлы таланты жастардан кенде емес. Сондықтан бұл іске отандық айти мамандар да жұмылуы бек мүмкін.