depositphotos.com
АҚШ-қа барғысы келетін қазақстандықтар енді қосымша 250 доллар шығындалады. Трамп әкімшілігі виза үшін осындай талап енгізіп жатыр.
Ал Арменияға отандастарымыз бұдан былай виза түгілі, паспортсыз-ақ бара алады. Тек жеке куәлігіңіз болса, жеткілікті.
Қазақстан туристік қауымдастығының мәліметі бойынша, кейінгі жылдары виза талап етпейтін елдер арасында Түркия, Мысыр, Қытай, Тайланд, Вьетнам, БАӘ мен Сауд Арабиясы-на саяхаттаған отандастарымыз көбейді. Ал виза талап ететін елдер қатарында Франция, Испания, Италия, Германия сияқты Еуропа мемлекеттеріне қызығушылық жоғары.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- АҚШ билігі елге келетін шетелдіктерден қосымша төлем талап етеді. Яғни, визадан тыс 250 доллар көлемінде кепілдік алым енгізілмек. Егер келушілер жергілікті заңнаманы толық сақтаса, қаражат кері қайтарылады. Бұл виза жеңілдігі бағдарламасына кірмейтін мемлекеттердің азаматтарына қатысты. Ал ол тізімде Қазақстан, Мексика, Аргентина, Үндістан, Бразилия, Қытай сияқты елдер бар. Сарапшылардың кейбірі бұл өзгеріс АҚШ туризміне кері әсер етеді десе, енді бірі қарама-қарсы пікірде.
Әсел Адамова, Қазақстан туристік қауымдастығының менеджері:
- Әуелден АҚШ Қазақстан үшін қымбат бағыт ретінде саналады. Яғни, ауқатты туристерге арналған. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы үшін кем дегенде 10 000 АҚШ долларын құрайды. Ал кепілдік 250 доллар сома АҚШ үшін үлкен сома емес. АҚШ-қа деген туризм айтарлықтай азаймайды. Керісінше, кепілдік туристер үшін айтарлықтай мүмкіндік берсе, визаға құжат тапсырушылардың саны үлкеюі мүмкін.
Қытай жас мамандарға жаңа виза ұсынды
Ал Қытай 75 елге 30 күнге дейін визасыз режим енгізді. "Мұндай шара туризмді дамытып, мемлекет имиджін жақсартуы тиіс" дейді жергілікті көші-қон қызметі. Тізімде бұған дейін Еуропа, Азия, Таяу Шығыс пен Латын Америкасынан 38 мемлекет қана болған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сонымен қатар көрші ел жас мамандарға арналған жаңа виза әзірледі. Бұл құжат арқылы Қытай аумағында ғылыми, мәдени және техникалық алмасу бағдарламаларына қатысуға болады.
Лю Ин, ғалым
- Бұл Қытайдың белсенді әрі талантты жастар саясатын одан әрі жүзеге асырып жатқанын көрсетеді. Халықаралық ынтымақтастықты, соның ішінде ғылым мен технология саласын нығайтуға басымдық берілген.
Шетелдіктер ₸280 млн айыппұл төлемеген
Ал Қазақстанға 87 мемлекеттің азаматы визасыз, тағы 107 мемлекеттің азаматы электронды визамен кіре алады. Алайда елге келушілердің бәрі бірдей көші-қон талаптарын сақтай бермейді. Биылдың өзінде заң бұзған шетелдіктерге 20 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 800 млн теңге айыппұл салыныпты. Дегенмен оның 280 млн теңгесі өндірілмей қалған.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Осыны қадағалау үшін бірнеше жүйені осылай біріктіріп жатырмыз. Ол енді пилотный вариантпен жұмыс істеп кеттік біз мынау шілде айынан бастап. Осыны кіргеннен бастап, қай жерде жүр, трудовой мигрант болсын, жай студент болсын, осының бәрін көретін боламыз. Мен ойлаймын бұл жұмысты күшейтеміз.
Еңбек мигранттарынан бөлек, Спорт және туризм министрлігі былтыр елге 15 млн астам шетелдік турист келгенін хабарлады. ТМД елдерін қоспағанда, алғашқы бестікте Қытай, Үндістан, Түркия, Германия және Оңтүстік Кореяның азаматтары бар.