Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Испанияның Мадрид қаласында шеберлік сабақтарын өткізуде.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы бұл жаңалығымен өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
”Ассалаумағалейкум, құрметті қазақ елі! Баршаңызға қайырлы күн болсын. Мадрид қаласындағы шеберлік сабағымыздың алғашқы күні басталды. Аллаға шүкір. Осы дәрежеге, абыройға жетуіме себеп болған өзімнің спортыма және мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, қазақ еліне, қолдаушыларыма алғысымды айтамын. Осындай бүкіл шетел қызығатын азаматтардың көп болуына шын жүректен тілектеспін. Спорт саласында ғана емес, барлық салада елдің абыройын көтеретін жастарымыз көп болсын. Алға, Қазақстан!”, — деді ол.
Еске сала кетейік, Елдос Сметов дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 2024 жылы Париж Олимпиадасының финалында франциялық Лука Мхаидзені айқын басымдықпен жеңген еді. Бұған қоса ол Олимпиада ойындарының барлық жүлде қорын иеленген санаулы спортшылардың бірі.