Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа,
Қазақстан республикасы премьер-министрі
Олжас Абайұлы Бектеновке,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Ерлан Жақанұлы Қошановқа,
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары:
Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке,
Ермұрат Сейітқазыұлы Бапиға,
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменоваға,
Нартай Аралбайұлы Сәрсенғалиевке,
Мақсат Мәлікұлы Толықбайға.
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Соңғы жылдары елімізде білім беру сапасын арттыру бағытында реформалар – жаңа кезеңнің бетбұрысы болды. Әсіресе, педагог мәртебесін көтеру, білім мен ғылымға нақты қолдау көрсету, жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау – ел ертеңіне салынған аса маңызды инвестиция деп қабылдаймыз.
Осы тұста ел ішінде білім саласында ерінбей еңбек етіп, нақты нәтижесімен көзге түсіп жүрген азамат Аятжан Ахметжанұлының еңбегі ескерусіз қалып, тіпті түрлі тосқауылдарға тап болуы – қоғам тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр.
Атап айтқанда, соңғы жылдары еліміздің әр аймағында білім беру кеңістігінде ерекше белсенділік танытып келе жатқан «QAZBILIM GROUP» мекемесіне қатысты орын алып жатқан жағдайлар бізді бей-жай қалдырмайды. Бұл мекеме – он жылдан астам уақыттан бері мектеп оқушыларына сапалы қосымша білім беріп, ҰБТ, пәндік олимпиадалар, халықаралық емтихандар бағытында үлкен жетістіктерге жеткен, жекеменшік мектептер желісін қалыптастырып келе жатқан бірегей білім ұжымы.
Осы уақыт ішінде:
- 13 000 оқушы ҰБТ сынағынан жақсы балл алып, ЖОО грантын иеленген;
- Көптеген ұстаздарды жұмыспен қамтыды;
- Оқушылары шетелдік беделді университеттерге грантын алған;
- Бұл оқу орынының ұстаздары 240-тан астам қазақ тілді оқу әдістемелік құрал дайындап, олар бүгінде бүкіл ұстаздардың, талапкерлердің көмекшісіне айналды.
Біз компанияның негізін қалаған Аятжан Ахметжанұлын – білім саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан белгілі маман, өз саласының кәсіби сарапшысы, елдің болашағына алаңдайтын қоғам қайраткері ретінде танимыз.
Алайда, 2023 жылдың екінші жартысынан бері осы мекемеге қатысты түрлі деңгейдегі негізсіз тексерулер, қысым сипатындағы әрекеттер, шешімі түсініксіз қаулылар жиілей түскен. Әлеуметтік желідегі негізсіз ақпараттық шабуылдар мен қысымды көзімізбен көріп отырмыз.
Мектеп талапқа сай ашылғанымен лицензия мәселесінде кедергілер келтіріліп, жан басына қаржыландыруға бөлінген ақша уақытында төленбей, кешіктіріліп берілуінің салдарынан компания өз қызметкерлерінің жалақысын уақытылы бере алмай отыр.
Негізсіз тексерулердің нәтижесінде үш жылдан бері сапалы білім беріп келе жатқан лицейлердің жабыла бастауы жоба авторы Аятжан Ахметжанұлының ғана емес, тұтас осы салада қызмет етіп жатқан адал азаматтар мен ата-аналардың, ұстаздардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Одан да ауыры, қаншама баланың үкілеген үміті желге ұшты.
Бұл әрекеттер мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Заң аясында өз қызметін адал әрі ашық жүргізіп келе жатқан ұйымға мұндай тосқауылдар кері әсер етуде.
Біз, бұл мәселені тек бір мекеменің емес, жалпы елдегі жеке бастамалар мен сапалы білім беруді дамытқысы келетін азаматтардың тағдыры деп қабылдаймыз. Мұндай бастамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, қорғалуы керек деп санаймыз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы,
Сізден осы жағдайға назар аударып, «QAZBILIM GROUP» және оның құрамындағы мектептердің қызметіне қатысты туындап отырған негізсіз тосқауылдарды жеке бақылауыңызға алып, әділетті шешім болуына ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл тек бір мекеменің тағдыры емес – ел болашағына қызмет ететін сапалы білімнің тағдыры деп білеміз.
Құрметпен, Ел болашағына бей-жай қарамайтын Қазақстан азаматтары:
Мейіржан Темірбек, ШҚО, Тарбағатай ауданы, мұғалім,
Айман Сағидулла, Алматы облысы, Қарасай ауданы, мұғалім,
Мейрамгүл Барқазатқызы, Алматы қаласы.
Қол қою жалғасады:
Сілтемеге өтсеңіз қол қоя аласыз. https://www.facebook.com/share/p/1CgPLRGgXx/