Өскемендегі Согра шағын ауданында теміржолды кесіп өтпек болған екі әйелді жолаушылар пойызы қағып өтіп, біреуі оқиға орнында жан тапсырды. Ауыр жарақат алған екінші әйел ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Жолаушылар пойызы Ресейге бағыт алып бара жатқан. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба авторының айтуынша, шағынаудан тұрғындары бұл аумақтан қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелін салып беруін сұрап, жергілікті билікке бірнеше рет өтініш жасаған. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Қазір "Өскемен-1" бекетіндегі желі полициясы бөлімі қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

"Қазақстан темір жолы" АҚ марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және зардап шеккен азаматшаның тезірек сауығып кетуін тілейді. Компания азаматтарды теміржол маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, мұқият әрі сақ болуға шақырады. Теміржол — қауіп деңгейі жоғары аймақ. Қарапайым ережелерді елемеу орны толмас қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін", — деді ТЖО инфрақұрылым қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары Елболсын Адекенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget