Қырғызстанда қазақ киносының күндері басталды, деп хабарлайды 24kz.

Фильмдердің көрсетілімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке ресми сапары қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Үш фильм, үш тарихи белес. Дәл осы туындылар Қазақстанның мемлекет ретінде қалай қалыптасқанын көрсетеді. Кино көрсетілімі режиссёр Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінен бастау алды. Кинолента Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен қазақ халқының сыртқы жауға қарсы күресін баяндайды. Картинаны түсіруге қырғыздың белгілі қоюшы операторы Сапар Қойчумаанов қатысқан.

Рүстем Әбдірашев, қоюшы режиссёр:

- Қазақтар егер кино сәтті шықсын десең, түсірілім тобының ішінде міндетті түрде бір қырғыз болуы керек деп айтады. Мен де осыған сенемін. Қырғыз операторларын шақырсам, әрдайым жұмысымыз өнімді шығады. Бұл бізде қалыптасқан дәстүрге айналды.

Бішкекте көрерменге ұсынылған екінші туынды – режиссёр Рашид Сүлейменовтің «Набат операциясы» фильмі. Картина 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиға желісімен түсірілген. Режиссёр Оңтүстік Қазақстандағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көзсіз ерлігін дәріптейді. Сол кезде жарияланбаған деректерді ашып көрсетеді. Ал кинематографистер үшін кез келген көрсетілім кәсіби тұрғыда ой салары анық.

Таалайбек Құлмендеев, кинорежиссёр:

- Бұл бізге өткенге көз тастауға және қазақ киносының деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Қазақ және қырғыз киносының күндері жиі өтіп тұрсын дейміз.

Қазақ киносының Қырғызстандағы күндерін режиссёр Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі түйіндейді. Кинокартина жыр алыбының өмір жолы, қалыптасу кезеңі мен өлеңдерінің шығу тарихын баяндайды. Әр көрсетілімнен кейін көрермен фильм авторларымен кездесіп, көкейіндегі сұрақтарын қоя алады.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Бақыт Чермашев