Израиль армиясы Газа қаласын алу операциясының алғашқы фазасын бастады. Сол мақсатпен 60 мыңдай резервист әскер қатарына шақырылған. Мұны ЦАХАЛ-дың бригада генералы әрі баспасөз хатшысы Эффи Дерфин мәлімдеді. Оның сөзінше, қазірдің өзінде Израиль жауынгерлері палестиналық сектордың Зәйтүн және Джабалия аудандарын бақылауға алып отыр. Операцияның мақсаты – «Хамастың» позицияларын жою. «Хамас» болса, бұл науқанды «бейбіт халыққа қарсы қатыгез соғыс» деп атады.
Бірнеше күнде толық басталатын штурм қарсаңында Газаның жүздеген мың тұрғынына көшуге бұйрық берілмек. Ал батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Израильдің жаңа жоспарына наразылық білдіріп жатыр. Олардың ойынша, бұл операция газалықтардың онсызда ауыр жағдайын тіпті нашарлатып жіберуі мүмкін.
Арыстан Рысбек