Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін айыпталушы Ернар Жиембай соңғы сөзін сөйледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айыпталушы соңғы сөзінде кінәні ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.
"Тағылған айыппен ішінара келісемін. Алайда бұл оқиға өздігінен болған жоқ деп сеніммен айта аламын. Ақыл-есім сау, бұл сараптама нәтижелерімен де расталады. Ешқандай себепсіз бейтаныс адамды қорқыту үшін қару алып, атпас едім. Сот процесінде берген айғақтарымды толық растаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлы Берденовтен болған оқиға үшін кешірім сұраймын", — деді ол.
Судья Әбінұр Қарабаев кеңесу бөлмесіне шықты. Бұл іс бойынша үкім жарияланатын уақыт қосымша хабарланады.
Берденовке жасалған шабуыл
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Берденов туралы не белгілі?
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан — 2010 жылғы шілде — Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде — 2012 жылғы қараша — Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша — 2018 жылғы мамыр — "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша — 2019 жылғы сәуір — "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір — 2023 жылғы наурыз — Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
- 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
- Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!