Ақтөбеде «Жасыл ел» жастар жасағының XXI жұмыс маусымы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Салтанатты слетқа еліміздің барлық өңірінен жастар жиналды. Олар облыс орталығындағы триатлон саябағында қарағай көшеттерін екті. Студенттердің табыс көзіне айналған ұйым жиырма бір жыл бұрын Ақтөбеде құрылған болатын.

Жиырма жылда Ақтөбе облысының ауылы мен қаласын абаттандыруға және құрылыс жұмыстарына 80 мыңнан астам жас үлес қосты. Былтыр студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында 2 мыңнан астам ақтөбелік еңбек етті. Биыл олардың саны 3 мыңнан асады. Оқушылар, студенттер мен жұмыссыз жастар үшін бұл жоба тәжірибе алаңы болады.

Миржан Айсұлтан, студент:

- Біз орман шаруашылығында «Лесхоз» отрядында жұмыс жасаймыз. Айлық 150-180 мың теңге арасына барады. Өзімнің киім-кешегіме, өмір сүруіме жетеді. Егер жақсы жұмыс істеген адам болса, келесі айға да қалуға болады.

«Жасыл ел» жасақтары еліміздің барлық өңірінде жемісті еңбек етуде. Ауыл-аймақты абаттандыру, көгалдандыру ісін ұйымдастыруда ақтөбелік белсенділердің еңбегі зор. Сондықтан республикалық слетқа Қазақстанның 14 өңірінен еңбекқор жас жиналып, өзара тәжірибе алмасты.

Абылай Болатбеков, слетке қатысушы:

- «Жасыл ел» жалпы осы Ақтөбенің қара шаңырағы дейді ғой. Үйренетін біраз заттар бар екен. Бізде жоқ нәрселер Ақтөбеде бар екен. Қарапайым бір мысал Қызылорда өңірінде құрылысшы жасақтары Ақтөбеде бар, бізде ондай жоқ екен. Оны алып, бізге де әкелуге болады екен.

«Жасыл ел» бағдарламасының басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу. Өскелең ұрпақ арасында экология мәдениетін қалыптастыру. Бұл орайда сарбаздар ел Президентінің бастамасы – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына да белсенді үлес қосып жүр.

Нұржан Шаңғытбаев, облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы:

- Жалпыұлыттық экологиялық акциясы аясында үлкен-үлкен өңірімізде осы жасылелдіктермен жасап жатырмыз. Атап өтетін болсақ, «Таза қала таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Ардагерлерді ардақтайық» деген шараларды ұйымдастырып келеміз. Сәуір айынан бастап 500-ге жуық осы «Жасыл елдің» жастары арқылы өзіміздің ағаштарымызды отырғыздық. Және де күз айларында ол жалғасын табады. Мамыр айынан бастап 50 тоннаға жуық қоқысты қала полигонына жібердік.

Биыл «Жасыл елдің» алғашқы маусымында Ақтөбе облысында 600 студент пен оқушы еңбек етеді. Жыл соңында үздік сарбаздар мен жұмыс беруші кәсіпорындар марапатталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов