2025 жылғы 8–10 тамыз аралығында Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған X cпартакиада жоғары деңгейде өтті. Биылғы ауқымды спорттық шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылды.

14 спорт түрінен бақ сынасты

Мерейтойлық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен қорға қарасты ірі ком­­паниялар мен кәсіпорындардың 1000-нан астам қызметкері қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі – көлік, энер­гетика, теміржол, мұнай-газ, байланыс және басқа да жетекші салалар бойынша өндірісте еңбек етіп жүрген мамандар.

Биыл спорттық шараның бағдар­ла­ма­сы жаңа спорт түрлерімен толықты. Қатысушылар волейбол, баскетбол, футзал, жүзу, үстел теннисі, қол күресімен қатар, дәстүрлі спорт түрлері – садақ ату, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ және заманауи спорт түріне жататын киберспорт бойынша командалық және жеке сайыстарда өнер көрсетті. Сонымен қатар биыл шараға ерекше қажеттілігі бар жандар да белсенді қатысып, дартс пен үстел теннисінен өзге әріптестерімен қатар жақсы нәтиже көрсетті.

л

Үш күнге созылған тартысты жарыс­тар­дың қорытындысы бойынша жалпы­командалық есепте бірінші орынды дәстүрлі түрде «Қазақстан темір жолы» командасы иеленді. Теміржолшылардың қоржынына 11 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль түсіп, екінші жыл қатарынан үздіктердің үздігі екенін дәлелдеді. Екінші орынды – 8 алтын, 6 күміс, 4 қола­мен «ҚазМұнайГаз» еншілеп, мұнайшылардың да жұмыста да, спортта да мықты екенін көрсетті. Ал үшінші орын – 4 алтын, 5 күміс, 6 қола жеңіп алған «QazaqGaz» ұжымына бұйырды. Үздік бестік қатарында «Қазақтелеком» мен «Самұрық-Энерго» да бой көрсетті.

Спортты белсенді қолдайды

Еліміздегі ірі компаниялар мен кәсіпорын жұмысшыларының басын бір ортаға біріктіріп, спорт пен еңбек адамын насихаттауды белсенді қолдайтын «Самұрық-Қазына» ұйымы спорттық шараны жылда ұйымдастырады. Дегенмен, спортты өз компаниялары ішінде ғана қол­даумен шектелмейді. Ұлттық әл-ауқат қоры бүкіл ел бойынша спорттық ғима­раттар мен нысандарды салуда. Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін дұрыс жағдай жасап, спорттық инфрақұрылымды дамыту маңызды:

л

«Спорт – біз үшін маңызды бағыт. Спортты тек ұйым ішінде ғана қолдап қоймай, қазақстандықтар үшін спорттық инфрақұрылымдарды да салумен айналысып жатырмыз. Соңғы үш жылда 15 спорт кешенін аштық. Бүгінде осы кешендерде 90 мыңдай бала жаттығып жүр. Биыл Ақмола облысында 200 бала жаттығатын жаңа спорт нысаны ашылды. Жыл соңына дейін Таразда ұзақ өмір сүру орталығы, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында спорт кешен­дерін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар «Саламатты бола­шақ» жобасы аясында 14 өңірдің 23 елді мекенінде 11 бейімделген спорт түрі бо­йынша секциялар жұмыс істейді. Қазір мұнда жаттығып жүрген 910 баланың біразы ұлттық құрамаларға қабылданып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүр.

Спартакиаданың ерекше сәттері

Қор басшысы Нұрлан Жақыпов та спартакиадаға 400 метрге жүзуден қатысып, 45-49 жас санатындағылар арасында бірінші орын алып, «Samruk United» командасының қоржынына алғашқы алтын медальды түсірді. Осылайша, «Самұрық-Қазына» басшысы өз мысалымен әріптестеріне үлгі болып, спортпен айна­лысудың маңызды екенін көрсетті.

Волейболдан «ҚазМұнайГаздың» ерлер де, әйелдер құрамасы да мықты болды. Айта кету керек, мұнайшылардан құ­ралған ерлер командасы биыл алтыншы мәрте спартакиаданың чемпионы атанып отыр.

Ал дүбірлі доданың жеңімпаздарына жүлделерді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин табыстады. «Спарта­киада әртүрлі жастағы, түрлі қызмет­тегі адамдарды біріктірді. Спорт — өмі­рі­міз­дің маңызды бөлігі. Әрі қарай да өз білік­тіліктеріңізді шыңдап, жетілдіре бере­сіздер деп сенемін. Осындай жоғары нәтиже көрсетіп жатқандарыңыз спортшы ретінде мені қатты қуантады», деді ол өз сөзінде.

Әлеуметтік жауапкершілік – басым бағыт

Қордың тағы бір басым бағыттарының бірі — қайырымдылық. Спартакиада аясында «Мейірімділік мекені» атты қайы­рымдылық жәрмеңкесі өтті. Онда ерекше балалар салған суреттермен безен­дірілген свитшоттар, шопперлер, футболкалар, қолөнер бұйымдары сатылды. Барлық түскен 1,2 млн теңгеден астам қаражат қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының шотына аударылды. Бұл сома мектептерде ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады.

л

«Самұрық-Қазына» осындай игі шара­­ларды жиі өткізіп тұрады. Мәселен, көк­темде ұйымдастырылған қайырым­дылық марафонынан шамамен 208 миллион теңге жиналды. Түскен қаражатқа биыл елорда мектептерінде 10 инклюзия кабинеті ашылмақ.

Еңбек адамы – елдің тірегі

2025 жылдың Жұмысшы маман­дық­­тары жылы деп жариялануы – қара­пайым еңбек адамының мәр­те­бе­сін арттыруға, білікті кадрларды қол­­дауға, өндірістік еңбектің ел эко­номикасындағы рөлін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің әрбір жетістігінің артында энергетик, машинист, металлург, мұнайшы, құрылысшы, механик сияқты іргелі елдің ертеңіне күн са­йын нақты үлесін қосып жүрген мамандар тұр.

Мерейтойлық спартакиада – спорт, еңбек және бірліктің жарқын ме­рекесі болды. Мұндай бастамалар ұжымдық рухты нығайтып, елдің өн­ді­ріс­тік әлеуетін арттыруға үлес қосары сөзсіз.

Жансая Қапасқызы