Чикунгунья вирусының басты белгісі — буындардағы қатты ауырсыну. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор, вирусолог Виктор Зуев "Аргументы и факты" басылымына берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, "чикунгунья" сөзі қытай тілінен "иілу" деп аударылады, себебі вирус буындарды зақымдайды, ал адамдар ауырсынудан бүгіліп кетеді.
"Бұл аурудың негізгі белгісі — буындардың зақымдануы. Инкубациялық кезеңі 2–12 күнге созылады. Осыдан кейін адамның дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, буындарында өте қатты ауырсыну пайда болады. Адам шынымен бүгіліп қалады", — деді вирусолог.
Зуевтің айтуынша, аурудың басқа белгілеріне бөртпе қосылуы мүмкін.
"Ауру әдетте аса асқынусыз өтеді, бірақ бәрі ағзаға байланысты. Өлім-жітім деңгейі төмен, дегенмен жүкті әйелдер мен қарт адамдар сақ болуға тиіс", — деп ескертті маман.
Чикунгунья безгегінің өршуі Қытайдың Гуандун провинциясында тамыздың басында тіркелген. Елдің оңтүстігіндегі Фошань қаласында жеті мыңнан аса адам жұқтырып, жалпы Қытай бойынша науқастар саны 10 мыңнан асты. Вирус таралуына байланысты Қытай үкіметі ел көлемінде COVID-19 кезеңіндегі профилактикалық шараларды енгізді.
Чикунгунья безгегі — қансорғыш жәндіктердің шағуы арқылы адамға жұғатын вирустық инфекция. Аурудың негізгі тасымалдаушылары — сары безгек пен денге сияқты басқа да вирустық безгектердің қоздырғыштарын жеткізе алатын екі түрлі маса.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!