Қаладағы тегіс жол мен тап-тұйнақтай аула өзі келіп түсе қалатын нығмет емес.

Әрбір түзу тротуардың, орнықты бордюрдің артында таңнан кешке дейін маңдай терін төккен жандар тұр. Алматыда Жоламановтар әулеті 30 жылдан бері таспен тіл табысып, ауланы ажарлап, көшені көркейтіп келеді. Құрылысшылар күні қарсаңында біз сол әулеттің таспен өрілген тағдырына үңілдік.

Үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылған соң көркін кіргізетін абаттандыру жұмыстары. Тротуар, асфальт төсеу, бордюр орнату, ағаш отырғызу сынды жұмыстардың бәрі осы кезде жасалады. Бұл істің басы-қасында жүргендердің бірі Гайдар Жоламанов. Оның бригадасы Алматыдағы талай тұрғын үй кешендерінің аулаларын көркейтіп, елдің игілігіне бөленді.

Гайдар Жоламанов, құрылыс бригадасының басшысы:

- Мүмкін өткен өмірімде де құрылысшы болған шығармын, білмеймін. Әйтеуір бірнәрсе осы жұмысқа жетеледі. Басында ауыр көрінгенімен уақыт өте баурап алды. Қазір тіпті басқа істі елестете алмаймын. Таспен тіл табысу менің өмірімнің бір бөлігіне айналды.

Гайдар Жоламановтың бригадасында 23 адам бар. Соның бірі өз ұлы Тимур. 13 жасынан әкесінің жанында жүріп, әскерден кейін осы іске біржола келген. Айтуларынша, таңғы жетіден күн батқанға дейін уақыт бір деммен өтеді. Ең ауыр жұмыс — бордюр орнату. Бұрынғысы 80 келі болса, қазіргілері 300 келіге дейін жетеді. Мұнда күшпен бірге көздің дәлдігі де аса маңызды. Бір миллиметр қате — бүкіл жолдың сәнін бұзатынын бірі білсе, бірі білмес.

Қазыбай Жұмағұлов, жол құрылысшысы:

- Кеште Гайдардың үйіне барып қалсаң сол чертеждарын ашып, сызып отырғанын көресің. Сол осы бүгін кеште үйіне келсе ертеңгі жұмысына дайындалып отырады. Сондай адам ол күндіз-түні тынбайды. Дайындалады жұмысқа. Ертесіне сол жұмысты жүргізеді.

Сала мамандарының айтуынша, жастардың бұл салаға қызығуы азайып барады. Бірақ құрылысшылардың өзі үшін бұл жай ғана жұмыс емес, көздің дәлдігін, қолдың ептілігін, төзім мен табандылықты сынайтын мамандық. Ертең осы аулаларда асыр салып ойнап жүрген балалардың бірі Жоламановтар әулетінің ізін жалғаса, еңбектің шын бағаланғаны сол болмақ.

Алуа Ералықызы, Индира Унгарбаева, Мұхит Құдықбаев