Қазақ хандарының түп атасы қараусыз қалды ма?!
Ұлытаудағы Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде бір жылдан астам уақыт су жоқ. Былтыр Жезқазғанға жаңа су құбырын тартқанда кешенге келетін құбыр қиылып қалған. Салдарынан кешендегі әжетхана, асхана мен қонақ үйдің жұмысы тоқтап тұр. Мәселе енді қалай шешіледі?
Жошы хан тарихи-мәдени кешені осыдан төрт жыл бұрын тікелей Президенттің пәрменімен салынды. Түпкі мақсат – тарихи тұлғаны насихаттау арқылы туризмді дамыту. Мұнда жылына мыңдаған турист келеді. Дегенмен, былтырдан бері кешенге қарасты нысандардың жұмысы тоқтап тұр. Жол азабын тартып, Жошыға тәу етуге келген қонақтар үшін қарапайым әжетхананың өзі істемейді.
Абзал Жақынов, Жәйрем кентінің тұрғыны:
- Жошы хан кешенінің ішіне кірдік жаңа. Жақсы! Су жағы жоқ енді. Асханасы жабық тұр. Келгенде адамның қарны ашып келеді ғой әжептәуір жерден келгендіктен.
Айнұр Ембергенова, Жәйрем кентінің тұрғыны:
- Су жоқ. Іште асхана істемейді екен. Біз өзімізбен бірге алып келдік ішетін-жейтінімізді.
Кешен Жезқазғанға су жеткізетін Үйтас-Айдос құбырының дәр іргесінде тұр. Былтыр қалаға су тартқанда бұл жер назардан тыс қалған. Айналасындағы жасыл желекті суару үшін қасынан ұңғыма қазылған. Ал одан шығатын тұзды су ішуге жарамсыз. Су жоқ болған соң мұндағы асхана мен қонақ үй де жұмысын тоқтатқан. Кешен қызметкерлері ішетін суды үйінен тасып жүр.
Гүлдана Смаилова, кешен қызметкері:
- Қазіргі таңда істеп тұрған жоқ. 1 жыл 3 айдың көлемі болды. Себебі су жоқ. Мүлде су жоқ. Жұмыс жасамайды. Сұрап жатқан адамдар бар. Бірақ орналастыра алмаймыз, су жоқ.
Кешен Жезқазғандағы Достық үйінің балансында. Күтіп-баптап ұстауға бөлінетін азғантай қаржы құбыр тартуға жеткіліксіз дейді жауаптылар. Сондықтан су мәселесін жақын арада демеушілер есебінен шешеміз деп сендірді.
Берік Әбен, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Жошы хан тарихи-мәдени кешеніне бүгінгі таңда ұңғыма арқылы су беру қамтамасыз етілген. Алайда бұл уақытша қабылданған шешім болатын. Бүгінгі таңда бұл кешенге су тарту мәселесі шешілу барысында және осы тамыз, қыркүйек айында кешен суық сумен толығымен қамтамасыз етілетін болады.
Жауапты мамандар алып кешеннің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға қаланың күші жетпейтінін айтады. Нысанды күтіп ұстаудан бөлек түрлі археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырып, халықаралық деңгейде басқосулар ұйымдастыру міндеттелген. Сондықтан, алдағы уақытта тарихи нысанды облыс әкімдігінің қарамағына өткізу туралы шешім қабылданбақ.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов