Алматы облысында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Биыл өңірлік кезеңде 87 отбасы бақ сынап, үздік шыққан төрт әулетке алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды. Ел аумағында ұйымдастырылатын бұл байқау, отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыруға бағытталған бірегей жоба. Биылғы іріктеуде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына да баса назар аударылды.
Қарасай ауданынан келген Бекдайырлар отбасы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды. Әулет бірнеше буыннан бері ұлттық қолөнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Қоңыр Бекдайыр – зергер. Ол үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сегіз немересі бар. Балалары мен немерелері де шеберлік жолын жалғастырып, қазақ қолөнерін дамытып жүр.
Қоңыр Бекдайыр, байқау жеңімпазы:
- Ұлттық қолөнердің барлық саласымен айналысамыз біз енді сонымен мақтанамыз. Мысалы, менің әкем осындай зергер болғам, одан мен өзім жалғастырып, одан ұрпақтарыма беріп, одан немерелеріме беріп ары қарай жалғаса береді деп мен ойлаймын.
Бексұлтан Қоңыр, байқау жеңімпазы:
- Шебер болып өскенмін. Осындай сыбызғы жасауды ағамнан үйрендім. Тарту білемін, ағам үйреткен осыларды тартып маған. біз мерейлі отбасымыз.
Биыл байқауға облыс аумағынан 87 отбасы өтінім берді. Аудандық және қалалық кезеңдерде үздік шыққан 15 әулет облыстық кезеңге жолдама алды. Қазылар алқасы отбасылардың ұлттық салт-дәстүрді сақтауы, ұрпақ тәрбиесіндегі ролі мен қоғамдық белсенділігіне ерекше мән берген.
Әсел Жалғасбаева, Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы халқымызға, жаңағы айтқан жалпы жастарымызға үлкен тәрбиелік мәні зор шаралардың бірі. Ең бастысы, отбасылық құндылықтарды дәріптейді. Балаларға деген өзінің тәрбие беруін, үлгі болатындай, тәрбие бере алатындай сондай бір отбасын тәрбиелеп отырған мерейлі отбасы таңдап алу басты шарттарымыздың бірі болды.
Бекдайырлар әулеті енді Алматы облысының атынан «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының республикалық кезеңіне қатысады. Финалдық марапаттау 12 қыркүйек – Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.
Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов