Мұнай өндіру көлемін арттырып, салаға инвестиция тарту үшін екі маңызды шарт қажет.

2026 жылдың қаңтарынан бастап елімізде жанармай қымбаттайды. Сарапшылар дабыл қаға бастады. Мұнай өндіру көлемін арттырып, салаға инвестиция тарту үшін екі маңызды шарт қажет екенін ескертті. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Президент қол қойған жаңа Салық кодексі Қазақстанның мұнай секторындағы фискалдық реформаны заңдастырып берді. Енді экспортқа салынатын төлемдерден салық ауыртпалығын мұнай өндіру процесіне ауысады. Өзгерістер тек мемлекеттік бюджеттің түсімдерін тұрақтандыру үшін ғана емес, сонымен қатар мұнай компаниялары үшін салық жүйесінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақсатында қолға алынған.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа жүйе мұнай секторынан түсетін салықтарды жаһандық мұнай бағасының құбылуына тәуелді етпеуге көмектеседі. Десе де, аталмыш шешім жанармай бағасына айтарлықтай әсер етпек. Бұл туралы “Байдильдинов. Нефть” Telegram-арнасының авторы, салалық сарапшы Олжас Байдильдинов пікір білдірді.

Салық реформасы – жанармай бағасына соққы

Олжас Байдильдиновтың пікірінше, өзгерістер бюджетке тұрақты түсімдер әкеледі, алайда ішкі нарықтағы жанармай бағасының өсуіне де алып келуі әбден мүмкін. Мұнай саласының инвестициялық тартымдылығын сақтау үшін ішкі нарықты толықтай ырықтандыру қажет болады.

“Бұған ұқсас реформа Ресейде жүзеге асқан болатын. Ол кезде олар бағаны ырықтандырып, мұнай компаниялары ішкі нарықтан да, экспорттан да салыстырмалы пайда ала алды. Ал бізде жағдай мүлде басқа,” – дейді сарапшы.

Мәселен, экспорттағы мұнай бағасы барреліне 70–75 доллар болса, ішкі нарықтағы баға бар-жоғы 20–25 доллар көлемінде. Өйткені мемлекет жанармай бағасын реттеуді жалғастырып келеді.

“Экспорттық баж салығын пайдалы қазбаларды өндіру салығына ауыстыру ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай өнімдерінің өзіндік құнын арттырады. Бұл сөзсіз бағаның көтерілуіне әкеледі,” – деп түсіндіреді Байдильдинов.

“Қазір бізде жанармайдың литрі шамамен 40 цент болса, шын мәнінде, өзіндік құнды есептегенде, оның нарықтық бағасы кемінде 60 цент болуы тиіс. Яғни АИ-92 бензинінің литрі 300–340 теңгеден жоғары тұруы керек,” – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстандағы баға көршілес елдермен салыстырғанда тым төмен, бұл да мәселені ушықтыра түседі.

“Некиталық” мұнай өндірісі: жаңа сын-қатерлер

Алдағы салық реформасы кен орындарының рентабельдігі мен геологиялық күрделілігін ескере отырып, сараланған салық мөлшерлемелерін енгізуді көздейді. Тиісінше, төмен табысты және күрделі қорларды игеруге жеңілдіктер қарастырылады. Яғни, мұнай өндірудің нақты жағдайын есепке алуға және салық жүйесін ашық етуге бағытталған.

Алайда Олжас Байдильдиновтың пікірінше, бұл өзгерістер ең алдымен ірі халықаралық консорциумдарға кірмейтін, яғни “некиталық” мұнай өндірісіне әсер етеді. Аталған компаниялар 1990-жылдары бекітілген жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеп келеді.

“Некиталық” өндіріс жыл сайын орта есеппен 1 миллион тоннаға қысқарып жатыр. Қазір бұл көлем 30 миллион тоннаға жуық. Егер үрдіс сақталса, 2030 жылға қарай, Шымкент мұнай өңдеу зауыты кеңейтілген кезде, бұл көрсеткіш 27 миллион тоннаға дейін азаюы мүмкін,” – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, барреліне 40 доллар шамасындағы өзіндік құны бар бұл кен орындары үшін салық өсімі ішкі нарықтағы баға өзгермейтін болса, дағдарысқа алып келуі мүмкін.

Инвестиция тарту үшін тұрақтылық қажет

Сарапшы атап өткендей, шетелдік те, отандық та инвесторлар үшін салық жүйесінің тұрақтылығы шешуші фактор. Салық заңнамасындағы жиі өзгерістер, кен орындарын алу тәртібіндегі белгісіздік және ішкі нарыққа жеткізу шарттарының тұрақсыздығы – инвесторларды шошытады.

“Қазақстан жаһандық рейтингтерде мұнай-газ саласына инвестиция тартуға қолайлы ел ретінде аса жоғары позицияда емес. Себебі мемлекет шектен тыс реттеумен айналысады. Сондықтан кез келген салық реформасы мен бағаны ырықтандыру міндетті түрде салықтық тұрақтылықпен қатар жүруі керек,” – дейді Олжас Байдильдинов.

Оның айтуынша, қазіргі мұнай бағасының құбылмалы кезеңінде ірі геологиялық барлау жобалары мен жаңа кен орындарын игеруге инвестиция тарту осы жарты жылдың немесе бір жыл ішінде өте қиын. Дегенмен, өндірісті арттырып, капитал тарту үшін екі басты шарт қажет: мұнай бағасының тұрақты түрде жоғары болуы және еліміздегі салықтық әрі заңнамалық тұрақтылық.

“Тек осы екі жағдай орындалса ғана, инвесторлар жаңа жобаларды қарастырып, өндіріс көлемін арттыруға қызығушылық танытады. Ал салық ауыртпалығын қайта бөлу ішкі нарық пен экспорт арасындағы кірістің теңдігін қамтамасыз етуі тиіс,” – дейді сарапшы.