«Шалқар — Имантау» курорттық аймағының жолдарын жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы негізгі бағыттарға асфальт төселді. Қазір өңірде туризмді дамыту үшін бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының інжу-маржыны саналатын «Шалқар-Имантау» курорттық аймағында 50-ге жуық туристік орын бар. Олар тәулігіне 4 мың адамды қабылдайды. Демалыс күндері жағажайда ине шаншар жер жоқ.
Тілеуберді Әубәкіров, турист:
- Имантауға отбасыммен демалуға бірінші рет келіп тұрмыз. Жері әдемі екен, табиғаты сұлу. Суы да жақсы. Жақсы әсер қалдырды.
Курорттық аймақ «Көкшетау» ұлттық паркіне қарайды. Жергілікті билік өкілдері олармен ортақ келісімге келіп, былтырдан бері 20 шақырым жолға алғаш рет асфальт төселді. Енді туристер демалыс орындарына қиналмай жетеді.
Бақытжан Жантілеуов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:
- Былтырғы жылға дейін бізде «Имантау — Шалқар» курорттық аймақтағы жолдарға ешқандай жұмыстар жасалған жоқ. Былтырдан бастап мінекей, мемлекеттік бағдарлама арқылы табиғат паркімен келісім жасап, жолдар жөнделіп жатыр. 10 шақырым жолдар бар істелінетін. Сол жолдарды жасау жоспарда тұр.
Жол-көлік инфроқұрылымының дамуы курорттық аймаққа келетін туристердің артуына сеп болды. Қазір Айыртау ауданында 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 4 млрд-қа жуық теңге тартылған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов