Петропавлда колледж оқытушылары еңбек демалысы және жылына бір рет төленетін сауықтыру ақысын ала алмай жүр.

Оқу орнын тамыз айының соңына дейін жабу жоспарланған. 3 және 4 курсқа көшкен 100-ден астам студент облыс орталығында жұмыс істеп тұрған басқа колледждерге ауысады. Ал оқытушылармен еңбек келісімшарты үзіледі. Мұғалімдердің айтуынша, ғимараттағы кабинеттер жалға беріле бастаған. Ал ұжымда еңбек етіп жүрген адамдарға әзірге нысанның жабылатыны жөнінде ресми құжат табысталмаған.

Әлия Махметова, колледж директорының орынбасары:

Еңбек инспекциясына шағымдандық. Біздің колледждің реестрда кәсіпкерлік лицензиясы болмағандықтан ешқандай тексеріс өткізуге мүмкіндіктері жоқ деп жауап жіберді бүгін.

Өздеріне тиесілі қаражатты алу үшін ұстаздар қауымы басқа да құзырлы органдарға шағымданбақ. Оқытушылардың айтуынша, тиісті сома жалақыдан ұсталып отырғанымен, зейнетақы және міндетті медициналық сақтандыру қорына уақытылы аударылмаған. Аталған білім ошағы мемлекеттік тапсырыс аясында дизайнер, іс-жүргізуші, аудармашы сынды мамандар даярлап келген болатын. Білім басқармасы басшылығының айтуынша, меншік иесі нысанның жұмысын тиімсіз деп бағалап, жабуды жөн санаған. Сондықтан соңғы 2 жылда жаңадан студенттер қабылданбаған.

Айнагүл Сұрағанова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

Ай сайын Білім басқармасы қаржыландыруды жіберіп отырады. Шілденің 11-і күні барлық соманың 30 пайызын алдын ала ретінде жібердік және қазір актілерді күтіп отырмыз. Актілер түскен кезде 7 млн 300 мың теңге қаражат қайтадан жіберілетін болады.

Эльмира Кәленова