Испания үкіметі климаттық дағдарыспен күресті күшейту үшін экожарнама саласына қатаң шектеулер енгізеді. Алдағы уақытта бензин, дизель сияқты өнімдерді жарнамалауға толық тыйым салынады. Сонымен қатар адамның үрейін алатын апат, қылмыс және басқа да қауіп-қатерлермен байланысты мәтіндер тексеріледі.

Испания үкіметі осыдан екі жыл бұрын пластик бұйымдарды пайдаланудың жаңа ережесін бекітіп, өндіріс орындарынан азық-түлікті орау тәсілін өзгертуді талап еткен еді. Мәселен қаптамаға «экологиялық таза» деп жазуға тыйым салынған. Себебі өнім эко болғанымен, қораптың аты затына сай емес. Бұл тұтынушыларды шатастыратын маркет болғандықтан, осындай жазуды көрген адам көбіне қорапты сұрыптамай, қоқысқа тастай салатын. Енді Испания үкіметі жаңа жарнама заңын қабылдап, эко атын жамылып жүрген компаниялармен күресті күшейтіп отыр. Құжат 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап күшіне енеді.

Пабло Бустиндуй, Испанияның Тұтыну және климаттық саясат министрі:

- Халықаралық тілде «greenwashing» деген термин бар, яғни жасыл бейнені жалған мақсатта қолдану. Испаниялық компаниялар да осы әдісті негізсіз пайдалануды тыймай келеді. Мұндай жарнамалар адамның дұрыс таңдау жасауына кедергі. Сондықтан жалған жарнама дайындаушыларға айыппұл көлемі 5 есеге дейін артады.

Жаңа заң аясында кез келген өнімді экологиялық тұрғыдан әділ сертификаттау жүйесі енгізіледі. Кезінде темекі жарнамасы шектелгендей енді бензин, дизель және көмірге негізделген отындарды жарнамалауға болмайды. Заңды бұзған компания оны жасау құқығынан айырылады.

Хуан Антонио Лопес, «Жасыл альянс» партиясының құрылтайшысы:

- Бұл өте қатаң шара. Алайда түрлі айла ойлап табатын компаниялармен күресті күшейтпесе болмайды. Өйткені климаттық дағдарыс жағдайында өнімнің құрамын немесе оның қоршаған ортаға қауіпті жақтарын жасырып, тұтынушыны алдауға жол берілмеу керек.

Экожарнамадан бөлек, Испанияда бұдан былай қылмыс, апат және басқа да қауіп-қатерлермен адамның үрейін тудыратын жарнамаларға да тыйым салынады. Шындыққа жанаспайтын бейнетаспаларды қолдану нақты статистикамен дәлелденбесе, заңсыз деп танылады. Осылайша Испания Еуропада алғашқылардың бірі болып психологиялық манипуляцияға қарсы заңды қолданысқа енгізгелі отыр. «Бұл шынайы ақпаратқа негізделген жарнама мәдениетін қалыптастырудың жаңа кезеңі», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач