Мемлекет басшысының ішкі туризм­нің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Алакөл көлі жағалауының жер пайдалану картасымен таныс­ты.

Бүгінде көл жағалауы бірнеше туристік аймақтан тұрады: Абай және Жетісу облыстарындағы жағажайлар – әрқайсысы өз ерекшелігі, инфрақұрылымдық жүктемесі және даму бағыты бар жеке локациялар. Абай облысындағы көл жағалауында вице-премьер демалушылармен, кәсіпкерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесіп, абаттандыру нысандары мен медициналық пунктті қарап шықты. Санитарлық жағдай, рұқсатсыз сауда, абаттандыру мен қауіпсіздік мәселеле­ріне ерекше назар аударылды. Азаматтар мен туристердің өтініші бойынша бірқатар тап­сырма берілді. Атап айтқанда, тамақ өнімдерінің рұқсатсыз саудасына қатысты санитарлық-эпидемиялық қызметтің тексерісін ұйымдастыру, жағалаудың таза­лығына бақылауды күшейту және қоқысты жүйелі түрде шығару, демалушылар көп жиналатын жерлерге қосымша қоқыс жәшіктері мен контейнерлер орнату, туристік аймақты тұрақты байланыспен қамтамасыз ету мәселесін қарастыру міндеттелді.

Сонымен қатар Е.Көшербаев жағалау бойындағы жер пайдалану картасымен танысып, қолданыстағы бас жоспарға талдау жүргізуді тапсырды. Кәсіпкерлердің су айдынына кіруге шектеу қойылуы жеке мәселе ретінде қаралды. Жергілікті атқарушы органдарға бұзушылықтарды тез арада анықтап, азаматтардың суға еркін өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Биыл Алакөл көлінің жағалауында ауқым­ды реконструкциялау және абаттандыру жұмыс­тары басталды. Облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінді, оның ішінде, 108,9 млн теңге – Арбат алаңын жөндеуге, 171,6 млн теңге – жаңа қоғамдық кеңістік құруға, 107,5 млн теңге жағалауды абаттандыруға бағытталады.

Жағажайда 25 киім ауыстыру кабинасы, 50 қоқыс контейнері, 2 биоәжетхана, 10 санитарлық торап (маусым соңына дейін 18-ге жеткізіледі) орнатылды. 7 пирстің үшеуі салынды, жарықтандыру жүргізіліп, құтқару мұнаралары орналастырылды. Қосымша 300 млн теңге бөлінді, атап айтқанда, 141,6 млн теңге – Кабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысына, 57,7 млн теңге – көл жағалауында құтқару стансасы құрылысына, 100 млн теңге туристік аумақты дамытудың бас жоспарын әзірлеуге жұмсалады.

Е.Көшербаев туристік аймақтарды жақсар­ту жұмысы елдің барлық өңірін қамтитын мемлекеттік стратегия аясында жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті.

«Басты міндет – уақытша шешімдер қабылдамай, таза жағажайлар, қауіпсіз демалыс, тұрақты байланыс және ойластырылған инфрақұрылымды қамтитын орнықты жүйе қалыптастыру. Туризм – азаматтар үшін жайлы, ал өңірлер үшін өркениетті экономикалық әсер әкелуге тиіс», деді вице-премьер.

Барлық өңірде анықталған мәселе ортақ: қоқыс жәшіктерінің жетіспеуі, бейберекет сауда, байланыстың нашарлығы, заңсыз құрылыстар. Осыған байланысты өңірлерге жасаған сапар қорытындысы бойынша туристік аймақтарды жоспарлаудың стандарттарын өзгерту және әкімдіктер мен қадағалау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту сынды жүйелі шаралар қабылданады. Бақылау Үкімет деңгейінде жүзеге асырылады.