М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы « Мұхтартану » ғылыми-зерттеу орталығы хакім Абайдың 180 жылдығына орай көлемді ғылыми еңбек әзірлеп, жарыққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«АБАЙ. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты бұл кітап еліміздегі беделді баспалардың бірінде 2000 дана таралыммен басылып шыққан.
Зерттеу авторлары – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек пен PhD докторант Әзімхан Исабек. Жобаны жүзеге асыруға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров қолдау білдіріп, еңбектің кең аудиторияға жетуіне ықпал еткен.
Ғылыми еңбекте Абай шығармаларының басты қайнар көзі саналатын Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары текстологиялық және терминологиялық тұрғыда терең сараланып, басқа дереккөздермен салыстырылған.
Сонымен қатар, ақынның інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы, сондай-ақ Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлы көшірген қолжазбалармен салыстыру нәтижелері де енгізілген.
Еңбектің ерекше маңызға ие тұсы — Абайдың 1910 жылы жазылған қолжазбасының толық факсимиле нұсқасының тұңғыш рет жариялануы.
Кітапқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы рецензия жазып, батасын берген. Авторлардың айтуынша, бұл еңбек — бірнеше жылға созылған ұзақ ғылыми ізденістің жемісі.
«Абай шығармаларын түпнұсқаға сүйеніп толық әрі сауатты транскрипциялау — Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде орындалмаған арманы еді. Бүгінде сол арман жүзеге асты», дейді авторлардың бірі Әзімхан Исабек.
712 беттік бұл зерттеу — абайтану саласындағы іргелі жаңалықтардың бірі ретінде бағаланып отыр.