Шығыс Қазақстан облысындағы Топқайың ауылының тұрғындары ауызсуды таудағы өзеннен тасып ішеді, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекенге екі жыл бұрын орталықтандырылған су жүйесі тартылуы тиіс еді. Бірақ 2021 жылы басталған жоба әлі жүзеге асқан жоқ. Ұзаққа созылған құрылыс мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

Топқайыңдықтар үшін тіршілік нәрінің әр тамшысы алтынмен парапар десе артық айтқандық емес. Әкімдіктің уәде еткен ауызсу желісін күтіп жүргелі бес жыл болды. Қолы жеткендер суды алыстан тасып ішеді. Ал егде жастағы Гүлнәр Тәукенова сияқтыларға бұл қиынға соғады. Зейнеткер иығына иінағашын асып, таудағы өзеннен күніне бірнеше рет су тасиды.

Гүлнәр Тәукенова, Топқайың ауылының тұрғыны:

- Қысы-жазы осыдан ішеміз. Осы су бізді асырап отырғанына 50 жылдан астам уақыт болды. Ауылдың мына жағының барлығы анау «колонка» ашылғаннан кейін шет жақтағы судан алады. Колонканың қай жерде екенін көрдіңіздер ғой? Маған осы жерден ол жерге бару деген – қаншама уақыт, қаншама жер. Сондықтан барлығы өзеннен ішеді.

Ауыл тұрғындары үшін таудан су тасу оңай болмай тұр. Әсіресе қыстыгүні қиналып кетеді. Өзен суы қататындықтан, төменгі ағысына дейін түсу керек. Ақ қар, көк мұзда сүрініп кету қаупі бар. Сондықтан 2021 жылы мұнда су желісін тарту жұмыстары басталған.

Самарбек Қайдаров, Топқайың ауылының тұрғыны:

- Төрт жыл бұрын қазып тастаған ауылдың ішінде талай «кучкалар» жатыр. Түйедей үлкен-үлкен тастар бар. Аяқ жағындағы тастары ұсағырақ. 1 метр жерге ғана көмілген пластикалық құбырлар бар. Жаңадан келген мердігер енді оларды қалай іздеп табатынын білмеймін.

Су желісінің құрылыс барысы әкімдік пен жемқорлыққа қарсы қызметтің қатаң бақылауында. Бұл мердігердің созбаққа салған алғашқы нысаны емес. Дегенмен жұмыстарды соңына дейін жеткізуге уәде берген.

Расул Қарабалинов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

- Мердігер бар күшін осы жобаны аяқтауға жұмылдырып жатыр. Жұмыс біртіндеп жолға қойылды. Оларға көмек үшін қосымша мердігерлер тарттық. Жұмысты әрі қарай Катонқарағайға су жүйесін тартқан ірі компания жалғастырады. Себебі тұрғындар ауызсуды төрт жыл бойы күтіп жүр.

Қазір ауыл ішіне су құбырлары толық тартылды. Жаңа мердігер қысым беру арқылы сапасын тексеріп жатыр. Сонымен қатар сорғы станциясы мен резервуарды құрылысы да жүзеге асып жатыр. Әкімдік белгіленген жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтауды көздейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов