Ақтауда IT бағытында оқытатын мектеп-лицейге жасанды интеллект жүйесі енгізілді, деп хабарлайды 24KZ. Цифрлы бағдарлама «Edus» білім беру платформасы арқылы жұмыс істейді. Сандық үлгідегі жоба оқушының сабақ үлгерімін, тіптен денсаулығын да жіті бақылайды.

Мәселен, бала мектепке кірген бойда Face ID құрылғысы автоматты түрде дене қызуын өлшейді. Егер температура жоғары болса, сынып жетекшісі мен медбикеге бірден SMS-хабарлама жібереді. Ата-анасы перзентінің оқудағы жетістігімен танысып, ұстаздармен онлайн чатта тілдесе алады. Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарын цифрландыру әрі қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған ақылды жүйе мектептерге кезең-кезеңімен енгізілмек.

Анжела Батырова, мектеп-лицей директоры:

- Баланың мектепке келгенін, кеткенін, сонымен қатар асханада тамақ ішкенін, ол жерде қандай мәзір болғанын ата-ана өзі көре алады. Сонымен қатар әрбір оқу кабинетінде видеокамералар тұрады. Ол жерлерде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Абдулла Абдилаев, жоба үйлестірушісі:

- Оқушылар бұрынғыдай күнделік ұстап жүрмейді. Олар өз телефонынан қосымшасын қарап, қашан сабағы басталады, бағалары қандай, болашақ тесттері қашан болады, сосын асханаға барған кезде олардың шоттары қандай екенін біле алады. Оған әр оқушы кіріп-шыққан кезде ата-анасы біліп отырады. Бір периметрдегі адам санын да анықтайды. Егер 5 адамнан көп болса, онда директордың Telegram қосымшасына хабарлама келеді.