Қытайда толассыз жауын-шашын салдарынан болған жойқын су тасқындарынан кейін тағы ескерту жарияланды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық қызметі 29 маусымда елдің кейбір аймақтарында нөсер жауынға байланысты "сары" деңгейлі ескерту жасады.
"Ұлттық метеорологиялық орталықтың (ҰМО) болжамы бойынша, жексенбіде сағат 08:00-ден дүйсенбі сағат 08:00-ге дейін Сычуань, Ганьсу, Шэньси, Хубэй, Чжэцзян, Фуцзянь, Аньхой, Цзянсу, Шаньдун, Хэбэй, Ляонин провинцияларында және Чунцин қаласында нөсер жауады", – делінген хабарламада.
Сарапшылардың мәліметінше, Сычуань ойпатының кейбір бөліктерінде жауын-шашын мөлшері тәулігіне 300 миллиметрден асады.
"ҰМО жергілікті билікке су тасқынына дайын болуды және қалалар мен ауыл шаруашылығы алқаптарында шаралар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, таулы аймақтардағы сел, геологиялық апаттар мен шағын және орта өзендердегі тасқын сияқты қосалқы табиғи апаттарға да сақ болу қажеті айтылды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қытайдың оңтүстік-батысындағы Жунцзян уезінде су тасқынына байланысты қауіп деңгейі ең жоғары деңгейге дейін көтерілді.
"Гуйчжоу провинциясындағы (Оңтүстік-Батыс Қытай) Жунцзян уезінде күшті су тасқыны тағы қайталанып, жергілікті билік ең жоғары деңгейдегі төтенше әрекет режимін енгізуге мәжбүр болды", – делінген хабарламада.
Қазір жергілікті билік су тасқынынан зардап шеккен аудандардан тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялауды жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Қытайда ауа райына қатысты ескерту жүйесі төрт деңгейден тұрады: ең жоғарғы деңгей – қызыл түс, одан кейін – қызғылт сары, сары және көк түстер.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!