Қызылорда облысы, Арал ауданының Ақбасты ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Оған 117 шақырым құбыр тартылып, шалғайдағы елді мекен тіршілік нәріне қол жеткізді. Ал Жалаңаш ауылында 150 орындық мектептің кірпіші қаланды.

Арал теңізінің қиырында орналасқан Ақбасты шекараға жақын елді мекен. Жырақтағы ауыл жұрты байырдан құдық суын пайдаланып, тіршілік етіп келген. Мемлекет басшысының байыпты бастамасымен жүздеген шақырым ауыз су құбыры тартылып, ақбастылық ағайынның көптен күткен талап-тілегі орындалды.

Айдана Сәуілханқызы, ауыл тұрғыны:

Ақбастыға су келеді, құбырмен үйге су тартады деген ойымызда жоқ еді. Ата-аналарымыз су тапшылығын көрген. Қазір біз шүкіршілік етеміз.

Жалпы облыс бойынша ауыз су жүйесіне қосылмаған 9 ауыл болса соның 5-еуі Арал ауданында. Өзекті мәселені шешуге мемлекеттен қомақты қаржы қаралып, ауқымды жобалар жалғасын табуда.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Бүгінгі таңда өңіріміздегі орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 98,6 пайызды құрады. Биылғы жылы бұл жұмыстарды жалғастыруға 12 млрд 100 млн теңге қаражат бөлініп, қазір 9 елді мекенге ауыз су жүргізілуде.

Жалаңаш ауылында жаңа мектептің кірпіші қаланды

Ал Жалаңаш ауылында кезінде асар әдісімен салынған мектептің бүгінде тозығы жетіп, әбден ескірген. Жергілікті тұрғындардың сұрауымен биыл заман талабына сай 150 орындық жаңа білім ордасы бой көтеріп жатыр.

Күлпаш Жолдасова, Мергенсай ауылдық округінің әкімі:

Жалаңаш ауылында 664 тұрғын бар. 150-ге тарта оқушы бар. Өте қуаныштымыз. Ел болып, халық болып қуанып жатырмыз. Жалпы елдің әлеуметтік жағдайы жақсы.

Аймақта соңғы үш жылда білім саласына айрықша көңіл бөлініп, 300 миллиард теңгеден астам қаржы құйылды. Соның ішінде Арал ауданында 4 мектептің құрылысы қолға алынған. Жуырда Сексеуіл кенті мен Тоқабай ауылында жаңа білім ошақтары ашылмақ.

Әділбек Серікұлы