21 маусымда Қара Ертіс өзеніндегі Боран ауылынан 5 шақырым жерде 2007 жылы туған азамат суға батқан. Оған 1991 және 1992 жылы туған екі азамат көмекке жүгірген. Өкінішке орай, ағысқа төтеп бере алмай үшеуі де мерт болды, деп жазады Egemen.kz.

Оқиға орнында және облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, іздеу жұмыстарына кіріскен. Іздеу шараларына Шығыс Қазақстан мен Абай облысының құтқарушылары, полицейлер, еріктілер, жергілікті атқарушы органдар мен шекара қызметкерлері қатысты. Барлығы176 адам, 15 жүзу құралы, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты, су астындағы дрон іске қосылды.

Нәтижесінде суға батқан үш адамның денелерін құтқарушылар тапты. Осы орайда ТЖД қызметкерлері суға түсу маусымында аса сақ болу керектігін қатаң ескертеді.

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы