«Биік сезім » комедиясы үлкен экранға шықты. Фильмді Our Media Group продюсерлік компаниясы түсірген. Картинаның тұсаукесері Алматыда өтті. Романтикаға толы комедия сырт көзге онша үйлеспейтін екі жастың қарым-қатынасын баяндайды. Фильмнің премьерасы Kinoplexx Sary Arka кинотеатрының 4 бірдей залында өтті.
Фильмнің желісі екі жастың төңірегінде өрбиді. Жігіттің есімі Биік. Өзінің шабармандық қызмет атқаратын жеке ісі бар. Аты Биік болғанымен, бойы аласа. Ал Сезім кәсіби волейболшы. Олар кездейсоқ жолығады. Мопед тізгіндеген жігіт бойжеткеннің көлігіне барып соғылады. Осы кездесу екеуінің өмірін өзгертеді. Жігіт қызға бір көргеннен ғашық болады. Бірақ бойжеткен жауап беруге асықпайды.
Мақсат Оспанов, «Биік сезім» фильмінің режиссёрі:
- «Махаббат жасқа қарамайды» деген сөз бар ғой. Бұл фильмде «махаббат бойға қарамайды» дегенді білдіргіміз келді. Бұл жерде енді әр қыздардың проблемасы ғой. Ұзын қыздар өзіне лайықты жігіттерге, бойға қарап, таппай жатады. Ол жерде тек қана бойға емес, ішкі жан дүниесіне қараса екен, сезіміне қараса деген ойды айтқымыз келді.
Фильмнің алғашқы көремендері үшін ойын-сауық бағдарламасы мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Шараның арнайы қонақтары елордалық «Ару-Астана» волейбол командасы болды. Фильмге спортшы қыздар да түсті.
Фарида Мәулен, «Ару-Астана» волейбол клубының өкілі:
- Актёрлармен жұмыс істеу бізге қызық болды, оңай болған жоқ. Камераның ар жағында бір талай жұмыс жатқанын көрдік. Өте қуаныштымыз.
Картинада Сезімді ойнаған актриса – Аружан Бекболат. Ол осы фильмде волейбол ойнап үйренді. Спортқа жақын болғанымен, қолына доп алып көрмепті.
Аружан Бекболат, актриса:
- Шынымды айтсам, мен волейболды бұрын ойнап көрмегенмін, сондықтан маған енді қиындау болды. Қолдарымның барлығы көгеріп қалды. Бірақ команда өте кәсіби, қыздар маған өте қатты көмектесті.
Екі жас таптаурын болған түсінікті бұзып, бақытын таба ала ма? Оны білу үшін фильмді көріңіздер. Комедияны Kinopark и Kinoplexx кинотеарлары ұсынады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев