"Балқаш" туристік-рекреациялық демалыс аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалды .

Балқаш көлі жағалауында демалушылардың игілігіне инженерлік желілер, яғни электр жарығы мен тұрмыстық қажеттілікке арналған су осы маусымда беріле бастайды.

"Балқаш" туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілері құрылысының жобасы – Балқаш көлі жағалауын дамыту бағытындағы басты жобалардың бірі де бірегейі. Жобада электрмен және сумен қамту, кәріз жүйелері, жағалау жиегіндегі автожол құрылысының жобасы қарастырылған.

"Бүгінгі таңда су құбыры салынып бітті. Қазір бастоғанда су тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы демалыс мауысымында су беруді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты электр бағандары қойылып, қуаты 110/35/10 кВ 1 қосалқы станция орнатылды, оған электр қуаты берілді. Электр қуатын берудің екінші кезеңінде әрқайсысының қуаты 10/0,4 кВ болатын 28 трансформаторлық қосалқы станция қойылады. Оған қоса жағалау бойында ұзындығы 9,3 км болатын автокөлік жолын салудың жер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы Балқаш жағалауына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары 2024 жылы басталған, 2026 жылы бітуге тиіс еді. Жұмыс кестесінен озық келе жатқандықтан, мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз", – деді Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Оның айтуынша, кәріз құбырлары төселген, кәріз тазарту құрылғысына тапсырыс беріліп, зауытта дайындалып жатыр.

Жағалауда демалыс орындары құрылысының бейберекет жүргізілуінің алдын алу үшін қазіргі кезде "Балқаш" туристік-рекреациялық демалыс аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалды. Облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржановтың айтуынша, бұл демалыс аймағының алаңы 1682,0 га болады. Барлық демалыс базаларының жобалық кезеңдегі бір реттік ең үлкен сыйымдылығы – 23 мың орын, 7100 нөмір болады деп күтіледі. Нөмір қорының санын есепке ала отырып, көлікке арналған 7200 орындық тегін тұрақ болады.

Және қарапайым халықтың жағалауда демалуына мүмкіндік жасау мақсатында қоғамдық жағажайлар да қарастырылмақ. Бұл туралы Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев айтып берді.

"Инженерлік инфрақұрылымы тартылған аймаққа бизнес өкілдері тартылып, демалыс аймақтары бәсекелестік ортада дамиды. Бұл ретте ең алдымен халыққа ортақ қолданыстағы, тегін 6 қоғамдық жағажай жасалады. Мұнда медицина пункті, полция пункті, құтқарушылық қызмет, ана мен бала бөлмесі сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылады. Қоғамдық жағажайды күтіп ұстау аудан әкімдігінің жауаптылығына беріледі. Жағажай қызметі үшін коммуналдық мекеме құру, техника сатып алу жұмыстарына кірістік", – деді Ғалымжан Маманбаев.

Қазір жағалауда маусым сайын демалушыларды қарсы алатын 17-ге жуық демалыс орны бар. Туристер саны артқан сайын, инфрақұрылымға түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан жергілікті билік жағажай инфрақұрылымын егжей-тегжейлі жоспарлайтын жоба құрған.

Балқаш көлі аумағында шомылу маусымы жазда басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Жетісу облысындағы көлдің тұзды бөлігі денсаулыққа пайдалы болғандықтан демалушылар саны арта түспек.

Қазіргі кезде көл жағалауында бір маусымда 52 мың адам демалса, жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, даму жоспары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам адам демалады деп болжанып отыр. Демалыс орындары мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріндегі қызметшілер саны туристердің болжамды санының шамамен 20 пайызын құрап, демалыс мауысымында жұмыспен қамтылғандардың саны 4,5 мың адамға жетпек.