Алматыда алғаш рет қайырымдылық мақсаттағы инклюзивті веложарыс өтті.
Бұл шараны «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» қоғамдық бірлестігі Әкелер күні аясында ұйымдастырды.
Бұл жай ғана спорттық жарыс емес. Мүмкіндігі шектеулі балалар, ата-аналары мен кәсіби спортшылар бір жолда бас қосты. Қауіпсіздік пен жарыстың әділ өтуіне спорт шеберлерінен құралған кәсіби команда жауапты болды. Алаңда 8 білікті нұсқаушы жұмыс істеді, ал өздерін сенімсіз сезінген қатысушыларға 40 волонтёр көмектесті.
Рауан Сағадиева, "Ерекше балалардың ата-аналары одағы" ҚБ Басқарма төрайымы:
- Біздің мақсат – осы веложарысқа мүгедектігі бар балаларды, олардың отбасыларын бәрін қатыстыру. Төрт түрлі категория қатысады, оның ішінде 3 адамнан жүргізеді де веложарысқа бәрі жеңіске болады. Бірнші, екінші, үшінші орындарды алады.
Жарыс ережесі бойынша велотрекке бір мезетте үш қатысушыдан шығып, әрқайсысы бір айналып шықты. Шараның мақсаты жарыс қана емес, қатысушылардың көңілін көтеру. Ол үшін отбасылық эстафета, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Гүлжәйна Әжібаева, инклюзивті веложарысқа қатысушы:
- Отбасымызбен уақытта бірге өткізуге, осындай балаларға керемет көңіл-күй сыйлауға, өзімізді балаша сезініп, олар сияқты қуануға, сондай бір керемет көңіл күйді көтеруге, бір жағынан өзімізді керемет, мықты ата-ана екенімізді көрсетуге келіп қатысып жатырмыз.
Жарыс соңында барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Келесі жылы ұйымдастырушылар бұл шараны халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені мұндай іс-шаралар жай ғана мереке емес, инклюзивті қоғамға көмек.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев