Біздің елде 1,5 млн оқушы мен студент жұмыс істеп, ақша табуға құқылы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, 14-16 жас аралығындағы оқушылар аптасына 24 сағат, яғни күніне 4,5 сағат, ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге аптасына 36 сағат ақылы жұмыс істеуге рұқсат. Бос жұмыс орны туралы мәліметті Enbek.kz порталындағы «Оқудан бос уақытта жұмыс тап» бөлімінен көре аласыз.

Бұл үшін оқушылар жеке кабинет ашып, түйіндемесін қалдырады. 16 жасқа дейінгі балалардың жеке кабинетке тіркелуі үшін жанында заңды өкілдің болуы міндет. Ал Skills.Enbek.kz платформасында оқушыларға арналған тегін және ақылы курстар да бар. Заңға сай 18 жасқа толмаған жасөспірімдер ауыр күшті талап ететін және денсаулыққа зиян тигізетін жерде еңбек етуіне болмайды. Сондай-ақ құмар ойын орталықтары, түнгі клуб, ішімдік, темекі, психотропты заттар сататын орындарда жүруге тыйым салынған.