Алматыда ескірген дәрі-дәрмектерді қабылдайтын орындар ашылды.

Қаладағы 36 емханаға арнайы контейнерлер қойылды.

Экологиялық бастаманының мақсаты – елден мерзімі өткен препараттарды жинап табиғатқа зиянсыз әдіспен жою.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қабылдау жәшігі әр емхананың кіреберісінде орналасқан. Тұрғындар мұнда капсула, ампула, таблетка, жақпа майлар мен сироптарды ғана өткізе алады. Ал, қаптамасы ашылған дәрілерді пакетке салып тастау керек. Пайдаланылған ине мен медициналық қалдықтар қабылданбайды.

Дәрі-дәрмектер ауруға ем болғанымен қалдығы табиғатқа қауіпті. Сондықтан оны қоқысқа тастай салуға болмайды. Мамандардың айтуынша, өткен жылы елде 1,46 млрд қорап дәрі-дәрмек сатылған. Оның қаншасы артылып күлге кеткені белгісіз. Былтыр экологтар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сынақ ретінде ескірген дәрілерді жинап көріпті. Алматылықтар бірнеше айда 122 келі мерзімі өткен препарат тапсырыпты.

Евгений Мұхамеджанов, ECO NETWORK ұйымының негізін қалаушы:

- Бұл бастама жерасты суы көп Алматы үшін өте маңызды. Мысалы, қоқыс полигонындағы зиянды қалдықтар, дәрі-дәрмектер топыраққа сіңіп жерасты суларына қосылады. Ол су ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Көкөністерді тұрғындар тұтынады. Сондықтан біз өзімізді уламауымыз керек.

Препараттар отқа жағылады. Оларды жоюмен мамандандырылған мекеме айналысады. Бейнебақылау жасалып, тұрақтарды түрде есеп береді. Емхана дәрігерлері де дайындықтан өтті. Енді тұрғындарға осы бастама туралы үнемі хабарлап тұрады.

Жансая Нұрмолда, қалалық №4 емхананың дәрігер-эпидемиологы:

- Осы медициналық қалдықтар бізде 5 санатқа бөлінеді. Осының арасында А санаты, Б санаты, В санатын біз жинап арнайы кабинетке сақтап, содан кейін сол келісім-шартқа отырған компания өзіне алып кетеді де қауіпсіз түрде жояды.

Алдағы уақытта ескірген дәрі-дәрмекті қабылдау орындарының саны 41-ге дейін көбейеді. Уақыты өткен препараттарды тапсырғаны үшін ешқандай ақша төленбейді. Десе де, жоба авторлары болашақта қоғамдық ұйымдар мен жеке компанияларды тартып, адамдарды ынталандыруды жоспарлап отыр.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов