Германияда қазақстандық бұрынғы судьяның өліміне қатысты іске Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Германияның құқық қорғау органдары бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Өздеріңізге белгілі, тергеу жүргізіліп жатыр. Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Дармштадт қаласының соты Наталья Донцованы – марқұмның күйеуінің анасын – кісі өлтіру ісі бойынша күдікті деп таныды. Германия мен бүкіл Еуропа бойынша оған іздеу жарияланып, қамауға алу туралы ордер берілді", – деді Смадияров.

СІМ өкілінің сөзінше, Қазақстанның Германиядағы елшілігінің көмегімен істің материалдары марқұмның туыстарына және адвокатына тапсырылған.

"Қазіргі таңда Донцованың қайда екені белгісіз, ол халықаралық іздеуде. Тергеу мүддесіне және таратылуға жатпайтын ақпараттардың жария болмауын қамтамасыз ету мақсатында Германия тарапы іс туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермей отыр", – деді Айбек Смадияров.

Еске салайық, 2024 жылдың 10 маусымында Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені туралы хабар тараған болатын. Кейіннен оның мәйіті Бенсхайм қаласының маңынан табылғаны белгілі болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget