БАҚ-тың жазуынша, 11 жастағы балаға пневматикалық тапаншамен оқ атқан Мариин театрының әртісі көрінеді.
Оқиға Санкт-Петербург қаласы, Минск көшесіндегі №1 үйдің маңында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Baza" телеграм-арнасы баланың үй терезесінің алдында саксофон ойнап тұрғанын жазады. Музыка 38 жастағы театр әртісінің ашуын туғызып, жағымсыз әсер еткен.
Содан соң ер адам пневматикалық тапаншамен пәтер терезесін нысанаға алған. Оқ баланың бетіне тиіп, иегіне де қадалған. Зардап шеккен бала жедел ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
БАҚ мәліметінше, ұсталған азамат Қазақстанда туған. Ол 2021 жылдың сәуірінен бері Мариин театрында жұмыс істеп, қосалқы театр труппасының құрамында өнер көрсеткен.
Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк полицияға оқиға туралы кездейсоқ өтіп бара жатқан адамның хабарласқанын мәлім етті. Оның айтуынша, балаға белгісіз біреу оқ жаудырған.
ІІМ дерегіне сай, ер адамға баланың музыка ойнағаны ұнамаған, сол себепті оны "жазаламақ" болған көрінеді.
Дәл осы оқиғаға байланысты "Қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.