Елде алғаш рет балалардың құқықтарын қорғауға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай ұлттық бағдарламасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Кешенді құжат жеткіншектің білім алуы, денсаулығы, қауіпсіздігі және дамуына бағытталған. Сондай-ақ балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында елде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Қабылданған шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстар 21%-ке төмендеген.
Кейінгі 10 жылда елдегі балалар үйінің саны екі есеге кеміді. Қазір жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 111 ұйымы жұмыс істеп тұр. Елде жетім қалған 20798 бала бар. Олардың 17 мыңнан астамы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Ал қалған балалар мемлекеттік мекеменің қарауында. Бүгінде олардың тәрбиесімен 330-дан аса тәлімгер айналысуда.
Мадина Бейсембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
- Балаларды сүйемелдеуге келетін болсақ, елде 2024 жылы тәлімгерлік институты құрылды. Ол тәлімгерлер балаларды өзін өмірде табуға, қандайда бір мәселелерді шешуге көмектесуге атсалысатын мамандар.
Балалар арасындағы қылмыс та кейінгі 20 жылда едәуір азайған. Мәселен, 2000 жылы балалардың қатысуымен болған қылмыс саны 7300-ден асса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1700-ге қысқарды. Сондай-ақ биылғы төрт айдың қорытындысына келсек, жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты бес бап бойынша қылмыс 24,7%-ке, ал педофилияға қатысты екі бап бойынша қылмыстың саны 41%-ке азайған. Сондай-ақ республика бойынша «111» тәуліктік желісі қолданылады, онда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кешенді көмек көрсететін психологтар мен заңгерлер жұмыс істейді.
Динара Зәкиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Зорлық-зомбылыққа қатысты қабылданған заңмен жаза да күшейтілді. Мысалы, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. Сонымен қатар жаңа баптар енгізілді, олардың арасында балаларға қатысты жыныстық сипаттағы тиісу әрекеттеріне қатысты бап, буллинг үшін жауапкершілік енгізген бап бар. Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Баланың жағдайын жақсарту да – мемлекет алдындағы басты міндет. Былтыр елде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Оған сай қордың инвестициялық табысының 50%-і кәмелет жасқа дейінгі барлық баланың шотына жіберіліп отыруы тиіс. Биыл 7 млн-ға жуық баланың шоты 129 долларға толықты.
Дүйсен Әділханов, ҚР ҚМ Департамент директорының орынбасары:
- 2024 жылы бірінші рет 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарымызға, әрқайсысына 100 доллар 52 центтен ақша бөлінген болатын. Ол кезде былтырғы жылы 652 млн доллар ұлттық қордың орташа инвестициялық табысының 50%-і бөлінген болса, биылғы жылы сол инвестициялық табыстың 50%-і 888 млн теңгені құрады. Сондықтан биылғы жылы әр балаға 129 доллар бөлінді.
Елде балаларға инвестиция ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі де енгізілді. Бағдарлама «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен бірге қолжетімді білім беруге, қолайлы кәсіпті игеруге немесе тұрғын үй проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Осы арқылы ата-аналарға қаржылық жүктемені азайтады.
Авторы: Әлішер Әли